Бұған дейін Әзербайжан қорғаныс министрлігі өткен тәулікте армениялық әскерилер екі тарапты бөліп тұрған сызық бойында оқ атпау режимін 108 рет бұзды деп мәлімдеген болатын. Хабарламада Әзербайжан позициясына Армения территориясынан да, "Әзербайжанның басып алынған жерінен" де атқыланғаны айтылған.
Атыс барысында ірі калибрлі пулеметтер, минометтер, артиллериялық қондырғылар мен танктер қолданылған деп жазады Орталық Азия жаңалықтар қызметі.
Әзербайжан қорғаныс министрлігі армян әскерінің жексенбіге қараған түні Қарабақ қақтығыс аймағында танк пайдаланғанын айтады. Хабарламада Әзербайжан әскери күші алдын-ала әрекет жасап, бір танктің көзін жойды делінген.
Естеріңізге салайық, сәуір айының басында мойындаламаған Таулы Қарабақ республикасында армян мен әзірбайжандық әскерилер арасында бірнеше күнге созылған қарулы қақтығыс орын алған еді. Қаза тапқандар саны көп болғанымен нақтысы әлі айтылған жоқ. Қос тарап та жауына үлкен шығын келтіргенін мәлімдеді.