Оралда мәслихат депутатының 17 жастағы ұлы ұсталды. Оған Шаған өзенінде шомылып жүрген әйелді моторлы қайықпен қағып кетті деген айып тағылып отыр. Бұл сұмдық оқиға осыдан екі ай бұрын болған еді.
Жас жігіттің қамауға алынғанын күдіктінің әкесі, қалалық мәслихат депутаты әрі бизнесмен Валерий Крылов растады. Бірақ ол ұлының «сүттен ақ, судан таза» екеніне сенімді.
«Қанды оқиғаға еш қатысы жоқ» деп отыр. Маусымның алтысы күні 40 жастағы Екатерина Ананьева суға шомылуға барады. Өзен ортасында қатты жылдамдықпен келген моторлы қайық оны қағып кеткен. Марқұмның денесін судан шығарғанда, басы мен бір қолын мотордың қалақшасы жұлып кеткені белгілі болды.
Тергеу кезінде сол маңдағы тұрғындардың қайықтары тексеріліп, сараптама жүргізілді. Бірақ оның қорытындысын тәртіп сақшылары әлі жарияламай отыр.
Дереккөз: КТК телеарнасы