$ 498.51  522.84  4.81

Қарағанды облысында полицей тұрғындардың бірін атып өлтірді

Оқиға кеше Қарқаралы ауданында орын алған. 28 жастағы жергілікті тұрғынды полиция қызметкері тапаншамен атып, белінен алған жарақатының салдарынан жәбірленуші жансақтау бөлімінде көз жұмды деп жазады informburo.kz.

Қарағанды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға 24 сәуір күні таңертең орын алған. 5 ер азамат полицейлер мінген көлікті тоқтатып, қызметкерлеріне күш көрсетпек болыпты. Тәртіп сақшылары болса бұзақыларды тоқтату үшін алдымен аспанға, кейін жерге оқ атқандарын айтып отыр. Жерге атылған оқтың бірі кері серпіліп, марқұмның беліне тиген. Оқиға орнына келіп жеткен ішкі істер органдарының өзге қызметкерлері қалған күдіктілерді ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді. Ал, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген 28 жастағы ер жігіт сол күні күндізгі сағат 15:00 шамасында жансақтау бөлімінде көз жұмған. Полицейлердің айтуынша, оқиға болардан сәл алдын бұзақылардың бірі көлікті мас күйде жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айрылған екен.

Қазіргі таңда қамауға алынған 4 күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 1-тармағы (билік өкіліне күш қолдану) бойынша іс қозғалды. Ал, оқ атқан полицейдің қаншалықты заң аясында әрекет еткенін прокуратура тексеруде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары