Алматыда бірнеше әлеуметтік нысан халық игілігіне берілмек. Бостандық ауданындағы емхананың ерекшелігі – COVID-19 вирусын нақты анықтайтын бірегей құрылғы қойылған. Кореядан арнайы әкелінген аппаратты қазір еліміздің басқа өңірлеріне алу жоспарланып отыр. Емхана, балабақша, ауладағы ойын алаңдарында қазір соңғы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Sn.kz.
Жақын күндері пайдалануға берілетін бұл емхананың ерекшелігі көп. Балтыры сыздап, басы ауырып келген науқас бір ғимараттан шықпай, барлық анализ түрін аз уақытта тапсырып, осы жерден толық ем ала алады. Емхана 40 науқасқа арналып салынған. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жыл сайын шет мемлекетке барып, тәжірибе алмасып тұрады. Негізін қалаған Арай Төлемісованың айтуынша, негізгі мақсат – науқастардың емделу үшін мұхит асып шет елге сабылмай, өз Отанмызда қаралуына аса көңіл бөлу.
«Осы ауруды емдеу үшін неге біздің адамдар шет елге барады? Біз де соны біліп тұрмыз, оқып тұрмыз. Біздің емдеуіміз бір дәрежеде. Мысалы, онкологиялық аурулар бар қазір. Сол кезде оның айырмашылығының неде екенін білдік. Сөйтіп, бірнеше заттардың бізде жетістігі қайсысы, кемшілігі қайсысы деп, сондай жағдай жасағымыз келді. Бүгінгі күнде оларда бар нәрсе бізде де бар», – деді эпидемиолог дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Арай Төлемісова.
Емхананың тағы бір ерекшелігі – мұнда Кореядан әкелінген COVID-19 вирусын 100 пайыз дәлдікпен анықтайтын ПТР аппаратының болуы. Алғашқыда бұл құрылғыны Кореяның білікті мамандары қазақстандық дәрігерлерге қаңтар айында алуын ұсыныпты. «Бірақ ол уақытта бізде аурудың белгілері болмағандықтан, қызығушылық танытпадық», – дейді. Қазір әлемнің көптеген елдері осы аппаратты қолданып отыр.
«Өз елімізде осындай керемет емхананың ашылатынына қуаныштымын. Бұрын емханаларда әр маман қаланың әр бөлігінде отыратын болса, қазір мұнда барлығы да бір ғимаратта шоғырланған. Бұл науқастар үшін аса тиімді болар еді деп айтар едім», – деді науқас Гүлім Садықова.
Жақында халық игілігіне пайдалануға берілетін әлеуметтік нысанның бірі – №191 «Бөбекжай» балабақшасы. Мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалған. Қазір мен сенсорлық бөлмеде тұрмын. Мұнда құм моторикасы бар. Балалар құммен түрлі бейнені салу арқылы қол моторикасын дамыта алады.
Балабақша 195 балаға шақталған. Әр топқа 25 бала алынады деп жоспарланған. Тұз шахтасы бөлмесі, мантасори, музыка кабинеті және қазіргі пандемияға байланысты арнайы оқшаулау бөлмесі де қарастырылған. Дене қызуы көтерілген бала мына бөлмеге жатқызылады. Тіпті, бөлме жанында негізгі кіреберістен бөлек, жедел-жәрдем үшін арнайы сыртқа шығатын есік те бар.
«Бұл балабақшаға 38-40 қызметкерді «Жұмыспен қамту» орталығы арқылы арнайы анықтамасымен қабылдадық. Барлығы жұмысқа дайын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев балаларымыздың болашағына үлкен көңіл бөлген. Осы балабақшаның пайдалануға берілуі де сол еңбегінің айғағы деп білемін», – деді № 191 «Бөбекжай» балабақшасының меңгерушісі Алина Құрманбекқызы.
Қазір балаларды қабылдау «Open Almaty» электронды сайты арқылы жүргізіліп жатыр. Ал, 8 аудан бойынша, Елорда күні қарсаңында 20-ға жуық әлеуметтік нысан пайдалануға берілмек.