Хакім Абайдың 175 жылдығына орай Сыр өңірінің Ақжарма ауылдық №9 кітапханасының ұйытқысымен «Әнді сүйсең менше сүй» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Онлайн ән кешіне Сыр оқырмандарымен бірге қарағандылық өнерсүйер қауым да қатысты. Атап айтқанда, Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Шашубай кентіндегі Жеңіс мәдениет үйінің әншісі, домбырашы Пакизат Омарбекова Абай Құнанбайұлының «Сегізаяқ» әнін тарту етті. Сонымен қатар, осы мәдениет үйінің өнерпаздары Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» әнін орындап, «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» өлеңін оқыды. Онлайн шараны одан әрі Қызылорда облысының оқырмандары Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерімен жалғастырды. Сондай-ақ, ұлы Абайдың махаббат, табиғат лирикаларына арналған өлеңдері оқылды.
«Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең менше сүй!» - деп бүгінгі ұрпаққа айтқан Абайдың өсиеті мәңгілікке айналды. Сарыарқаның әнін әуелеткен Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері әндері қазақ елінің батыс, шығысына тегіс жария болды. Бұл ретте алдымен ойымызға Абайдың әндері келеді. Оның ішінде елдің көкейіне ерекше қона кеткен «Айттым сәлем қаламқас», «Сегізаяқ» әндерінің мазмұны тереңде», - деді шараны ұйымдастырушылар.