$ 444.22  476.38  4.82

Алматының жұмыспен қамту орталығы тегін оқыту курстарын бастады

Бұрын жұмыспен қамту орталығына күніне 150 адам жұмыс сұрап келсе, бүгінде олардың саны 500-ге жеткен.

Алматының жұмыспен қамту орталығы тегін оқыту курстарын бастады. Онда 25 мамандықтың бірін 3 немесе 6 ай ішінде меңгеруге болады. Бұдан бөлек  үміткерлерге 21 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді, - деп хабарлайды Sn.kz.

Оқуын тәмамдағаннан кейін түлектерге сертификат табысталып, орталық оларға жұмыс табуға септеседі. Курсқа алғашқы келгендердің бірі Қарлығаш Келімбетова елде карантин кезінде маска тігіп, көпшілікке таратқан. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып өз білімі мен тәжірбиесін дамытқысы келеді.

«Тігіншілікке қызығушылығым оянды. Өзім үйден бастадым. Балалардың бас киімін тіге бастадым, тюрбандар, соған орай тапсырыс түсе бастады. Сол себепті ары қарай қызығушылығым оянып, осы мамандықты толық меңгеріп, алдағы уақытта осы сала бойынша кәсібімді ашқым келеді», – деді қала тұрғыны Қарлығаш Келімбетова.

Бұрын жұмыспен қамту орталығына күніне 150 адам жұмыс сұрап келсе, бүгінде олардың саны 500-ге жеткен. «Еңбек бағдарламасы» аясында жүргізіліп жатқан бұл курс осындай азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтуылуына үлкен мүмкіндік екенін айтады мамандар. Бұл жолғы кезең бойынша мың маманды оқыту жоспарланған. Бүгінге дейін 220 үміткерден өтініш түсті. Құжаттарын өткізгендер алдағы аптадан оқуын бастай алады.

«Алматы қаласында тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы керек. Жеке куәлігінің көшірмесі және түпнұсқасымен келуі керек. Өзімен бірге дипломы бар болған жағдайда дипломын және еңбек кітапшасы бар болған жағдайда еңбек кітапшасын алып келсе болады. 086 медициналық анықтаманы бізге тіркелгеннен кейін ала алады», – деді кәсіптік оқыту бөлімінің маманы Қымбат Тілемісова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары