Алматының Алмалы ауданында жаңа «Скейт алаңы» ашылды. «Бюджетке қатысу» жобасы аясында пайдалануға берілген нысанның құрылысына 24 млн теңге жұмсалыпты. 2 айдың ішінде тұрғызылған «Скейт саябағы» аумағында сондай-ақ, воркаут алаңы салынды. Бұл орын 15 көше жарығымен, 10 орындықпен және бірнеше қоқыс жәшіктерімен жабдықталған. Бүгін заманауи үлгідегі спорт алаңы халық игілігіне берілді, - деп хабарлайды Sn.kz.
Алмалы ауданында орын тепкен жаңа «Скейт парк» 1250 шаршы метрді қамтиды. Мұнда орналасқан 10 элементте 8 жастан асқан балалар түрлі трюктер жасауға мүмкіндік алады. Осылайша, олар алысқа бармай-ақ, үйінің маңында орналасқан Скейт паркте спортпен шұғылдана алады.
Былтыр Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес, «Бюджетке қатысу» жобасы іске асқан болатын. Алмалы ауданы бойынша халық тарапынан 84 ұсыныс түссе, оның ішінде ең көп дауыс жинаған 15 жоба бүгінде жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі - бүгін пайдалануға берілген – «Скейт саябағы».
«2 ай бұрын мына жерді көрсеңіз, бұл жер қоқыс алаңына айналып, дұрыс емес орын болатын. Ұсынысты екі айдың ішінде бітіріп отырмыз. Халықтың өзімен ақылдасып, проектты солармен бірге ойластырып, келісіп, бүгін міне, іске асып отыр», – деді Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев
Тағы бір айта кететіні, бұл «Скейт саябағында» атлеттер жарыс ұйымдастыра алады. Бұл аймақтың ерекшелігі де сол - мұнда қойылған барлық элемент-жабдықтар сайыс ұйымдастыруға ыңғайланып жасалған.
«Бұл алаң экстремалды роликтік спорт түрлеріне арналған. Мұнда атлеттер велосипедпен, самокатпен, роликпен сырғанай алады. Жобаны жасар алдында олимпиада бағдарламасына кіретін спорт түрлерінен мұнда жастарды дайындауға болатындай етіп жасадық», – деді Қазақстан скейтбординг федерациясының вице-президенті Андрей Журавлев
Жалпы Алмалы ауданы бойынша «Бюджетке қатысу» жобасы шеңберінде бүгінде 15 жоба жасалып жатыр. Оның 5-еуі өз аулаларына ойын және спорт алаңындарын орнатып беруді сұраған тұрғындардың өтініші. Тағы 6 жоба бойынша жерасты өткелінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған электр көтергіштері орнатылуда. Розыбакиев пен Жамбыл көшесіндегі аула, Жароков пен Гагарин көшесі маңайындағы бақ та осы «Бюджетке қатысу» жобасы шеңберінде іске асып жатқан жобалар. Олардың құрылысын 1-2 айдың көлемінде аяқтау жоспарланып отыр.