$ 444.22  476.38  4.82

Әуезов ауданында фронт-кеңсе ашылды

Қазір әкімдікке келсең сервистік модель орнағанын көруге болады. Барлығын бір жерде отырып-ақ, тез шешуге мүмкіндік бар.

Аудан тұрғындары үшін әкімдікпен байланыс орнатып, өз ұсыныстары мен шағымдарын айту әлдеқайда жеңілдей түсті. Әуезов ауданында «Open space» жобасы аясында фронт-кеңсе ашылды, деп хабарлайды Sn.kz.

Енді тұрғындар «бір терезе» қағидаты бойынша қағаз бастылық пен жауапты мамандардың кабинетіне сабылмай бір кеңседен бар шаруасын бітіре алады. 

Халыққа қызмет көрсету әлдеқайда қолжетімді бола түстi. Кеңсе шағын болғанмен тұрғындар мұнда білім, денсаулық сақтау, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастарымен қоса басқа да әлеуметтік маңызы бар қызмет түрлерін ала алады. «Ашық алаңды» іске қосудағы басты мақсат – билік пен бұқара арасындағы алшақтықты жою дейді аудан әкімі.

«Кезінде біздің тұрғындарымыз Әуезов ауданы әкімдігінің телефонына хабарласқан болса, кейде ол телефон бос болмайды, я болмаса қосылған маман орнында болмай қалады. Осы жағдайларды ескере отырып, бұл жерде арнайы бағдарламаны іске қостық. Бұл жерде телефон бос болмаса, екініші операторға қосылады. Осылай әкімдікке хабарласқан әрбір тұрғынның телефон қоңырауы қабылданады», – деді Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.

Бұдан бөлек, Әуезов ауданы әкімі аппаратының виртуалды қосымшасы да іске қосылған. Тұрғындар үйден шықпай-ақ, "Telegram бот" арқылы әкімдікке керек сұрағын қойып, жауабын онлайн ала алады. Сала мамандары келген шағымды қарастырып, мәселе 3 жұмыс күн ішінде шешіледі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында іске қосылған қосымша тәулігіне 24 сағат үздіксіз жұмыс істейді.

«Біз бүгін керемет орталықтың ашылуында тұрмыз. Мұнда аудан тұрғындары қызметті онлайн және офлайн форматта ала алады. Бұл жоба барысында әрбір арыз берушінің шағымы мен ұсынысы ұмыт қалдырылмайтын болады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.

Фронт-кеңседе халыққа қызмет көрсету орталығының да жұмыстары атқарылады. Мұнда анықтама, жолдама беру және электронды цифрлық қолтаңбаны да оңай алуға мүмкіндік бар. Халыққа тиімді жоба Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесе отырып іске қосылды.

«Бұрын бізде әкімдікке барып, мәселеңді айту үшін "сала мамандарын іздеп, кабинет есігін тоздыру" деген стереотип қалыптасып қалған. Ал, қазір жағдай әлдеқайда жеңілдеді. Қазір әкімдікке келсең сервистік модель орнағанын көруге болады. Барлығын бір жерде отырып-ақ, тез шешуге мүмкіндік бар. Қызмет алушы мен маман арасында ашықтық орнады», – деді Данияр Таумұрт

Сондай-ақ, орталықта бүлдіршіндер бұрышы да қарастырылған. Балаларын ерте келгендер оларды осы жерге алаңсыз қалдырып, шаруасын еркін бітірсе болады. Фронт-кеңсе таңғы сағат 9-дан кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Ел игілігіне пайдалы мұндай орталықты қаланың барлық аудандарында ашу жоспарланып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары