07.08.2020, 16:00

Шенеунік пәтер алғысы келетін алматылықтарға сақ болу керектігін ескертті

фото: qazaqtimes.com
Электрон түрде жеке кабинетте берілген жолдаманы банк қызметкерлері тексереді.

Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқарма басшысының орынбасары Айбек Сайделдаев мемлекеттік тұрғын бағдарламасындағы алаяқтық деректері туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Айбек Сайделдаев алматылықтарға сақ болуға кеңес берді. Ол алаяқтар әкімдік атынан арнайы "жолдамалар" сатуы мүмкін екенін жеткізді. Бұл құжат мемлекеттік бағдарламаға қатысушының баспана кезегінде тұрғанын растайды екен. 

"Қазіргі таңда алаяқтар өте көп. Оларға белгілі бір мөлшерде ақша берсеңіз, сізге "жолдама" береді. Қайталап айтамын, бізде құжаттар электрон форматта беріледі. Ол үшін ешкімге ақша берудің қажеті жоқ. Тек бағдарламаның шартын мұқият оқып шығу керек. Алаяқтар коронавирус пандемиясын пайдаланып жатыр. Олар бұл мәселені шеше алатындарын айтады. Мұндай деректер бойынша құқық қорғау органдары бізді бірнеше рет шақырды. Сондықтан сақ болыңыздар. Танымайтын адамдарға ақша бермеңіздер", - дейді ол.

Тұрғын үй жинақ банкінің Алматыдағы бөлімшесінің директорының орынбасары Данагүл Түсіпова алаяқтар сататын "жолдаманың" пайдасы жоқ екенін атап өтті. Себебі, банктер арнайы тізімді қалалық тұрғын үй басқармасынан алады.

"Біз де адамдарды алаяқтарға сенбеуге шақырамыз. Электронды түрде жеке кабинетте берілген жолдаманы банк қызметкерлері тексереді. Біз клиенттің тізімде бар-жоғын тексереміз. Егер ол құжаттарын әкелсе, бірақ тізімде болмаса, оның өтінішін қабылдай алмаймыз", - деді директордың орынбасары.

Сондай-ақ, сарапшылар алматылықтарға мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына өтініш берген кезде құжаттарды мұқият толтыру керегін айтты.