2020 жылдың қараша айында IX азаматтық форум өткізу жоспарланып отыр. Бұл жайында ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Республикалық жастар ұйымдарының лидерлерімен кездесу барысында министр жастармен жұмыс істеу барысында жасына және қажеттілігіне байланысты топтармен арнайы нақты қадамдар жасап, ақпараттық-ағартушылық жұмысты күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ, министр жастардың әр санатының өз қажеттілігі мен мүддесіне қарай жұмыс істеп жатқанын айтты. Сонымен қатар министр барлық жастағы жастардың күрделі әрі маңызды мәселелерін қарастыратын жоба әзірлеу туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның онлайн кездесу барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімділігі мәселесі туралы айтты.
Айта кетейік, Қазақстанда 700 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 85 мыңының көру мүмкіндігі, 30 мыңының есту мүмкіндігі шектеулі.
Сол себепті веб-сайтта көзі нашар көретін азаматтарға арналған нұсқа болса, ол мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған деген түсінік қалыптасқан. Министрдің айтуынша, мемлекеттік ведомстволар мен квазимемлекеттік органдардың сайттары мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналмаған.
Сонымен қатар Балаева жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру бойынша әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көлемі ұлғаятынын айтып өтті. Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2016 жылдан бастап грант бойынша қаржыландыру 9 есеге артты.
Сонымен қатар жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыру алдағы 3 жыл ішінде 3 миллиард теңгеге ұлғайтылады. Жастарды қолдау үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға, оның ішінде жас отбасыларға 3 мың жалға берілетін пәтер берілді. Барлығы 9 мың пәтер бөлу жоспарланып отыр.
Бес мыңнан астам адам "Жас кәсіпкер" жобасы аясында мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанды. Сонымен қатар он мың жас кәсіпкер кәсібін шағын несие есебінен кеңейтті. Оның басым бөлігі ауылдық жердегі жастарға берілід.
Ал өткен 2019 жылы "Жасыл ел" жобасы аясында жиырма мыңнан астам адам қамтылды."Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша бір реттік жәрдемақы мөлшері 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.
Сондай-ақ, жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарын қаржыландыру бойынша да өзгерістер енгізілді. Алдағы үш жыл ішінде үш миллиард теңгеге ұлғаяды.
Ал әлеуметтік студенттік несие жүйесі негізінде ерікті болып жұмыс істейтін жоғары оқу орны студенттерінің шәкіртақысы отыз пайызға артады. Сондай-ақ, ақпарат және қоғамдық даму министрінің алдында 2025 жылға дейін жастарды қолдау бойынша кешенді жоспарды әзірлеу, сондай-ақ жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша тәсілдерді әзірлеу міндеті тұр.
Аида Балаева Нұр-сұлтан қаласындағы "QazExpoCongress" павильонының базасында "rtHUB" жастар бастамаларын қолдау орталығын құру бойынша шаралар қабылданып жатқанын айтты. Бұл жерде жастар ұйымдары мен волонтерлердің фронт-офисі орналасатын болады.
Айта кетейік, 2019 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы жастар саясаты туралы кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
Ол жерде жаһандық үдерістер мен жастардың сұранысы жан-жақты ескерілуі керек. Президент жастар саясатына кешенді көзқарас қажет екенін алға тартты.
Бағдарлама аясында жастарға сапалы білім беру, жұмысқа орналасу, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету шаралары қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, республикадағы барлық елді мекенде спорт және мәдениет нысандары қолжетімді болуы керек.
Айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі қалалық басқарма аз қамтылған отбасылардан шыққан жоғары оқу орындарының студенттеріне оқу ақысын төлеуді кейінге қалдыруға көмектесті.
Қала әкімдігінің мәліметінше, елордалық жоғары оқу орындарының 1 319 түлегі қиын жағдайға тап болды: олардың ата-аналары коронавирус пандемиясы кезінде жұмысынан айрылып, балаларының оқу ақысын төлей алмады. Осы жағдайға байланысты жастар саясаты басқармасы жоғары оқу орындарының басшылығымен кездесіп, төртінші курс студенттерін маусым айына дейін төлеуді кейінге қалдыру туралы келісімге келді.
Бұл көмек әлеуметтік қорғалмаған топтардағы студенттерге көрсетіледі. Атап айтқанда, Еуразия ұлттық университетінің 114 студенті төлем бойынша жеңілдіктерге ие болды, Қазақ технология және бизнес университетінің 72 студенті мен "Тұран-Астана"университетінің 15 студентіне жеңілдік берілді.
Айта кетейік, мемлекеттік жастар саясаты мектебі – Қазақстан Республикасы ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында жүзеге асып жатқан бірлескен білім беру бағдарламасы.
Қазіргі таңда Қазақстанда жастарға арналған "Жастар практикасы", "Дипломмен – ауылға", "Серпін – 2050", Жастар кадрлық резерві, "Дарын" мемлекеттік сыйлығы, "Jas Project" жастар корпусын дамыту жобасы, ақысыз кәсіби-техникалық білім беру және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар қарқынды жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 600-ге жуық жастар ұйымы жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде "Жас Ұлан" мен "Жас Отан" жастар қанатының өзі екі миллиондай жас қазақстандықты бір бағытта жұмыс істеп, бір мүдде жолында қызмет ету үшін біріктіріп отыр.