$ 447.4  477.55  4.76

Абай шығармаларын насихаттаған кітап көрмесі

Виртуалды көрме барысында Абай мұрасымен байланысты бірнеше кітап көрсетілді.

Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ұлы Абайдың ұлағатты өмірін арқау етіп, философиялық ой-толғамын санаға сіңіру мақсатында Қызылордадағы №18 кітапханада онлайн кітап көрмесі өтті. «Абай ақыл ойдың алыбы» тақырыбында ұйымдастырылған көрмеде хакім Абай шығармаларына шолу жасалып, оқырмандарға кеңінен таныстырылды.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2020 жыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы болып жарияланды. Осыған орай онлайн кітап көрмесі арқылы ақынның сөзін арда тұтатын оқырмандарға Абай өлеңдері мен поэмалары, аудармалары және қара сөздері қамтылған шығармалар жинағын ұсындық. Абай шығармалар жинағының біржола орныққан тұрақты мәтінін жариялау ісін Мұхтар Әуезов жүзеге асырған еді. Бұл еңбек Мұхтар Әуезовтің редакторлығымен 1957 жылы жарыққа шықты. Одан әрі «Менің 100 кітабым» сериясымен жарыққа шыққан Абай шығармаларынан тұратын «Адам деген даңқым бар» атты кітабы жайлы мәлімет бердік. Бұл кітап балалар мен жасөспірімдерге арналған. Мұнда ұлы Абайдың өсиетке толы өлеңдері үш тілде берілген», - деді шараны ұйымдастырушылар.

Виртуалды көрме барысында Абай мұрасымен байланысты бірнеше кітап көрсетілді. Соның ішінде «Абай тілі сөздігі» кітабынан қазақтың әдеби тілінің сол замандағы құрылымы, атап айтқанда сөздердің жасалу және өзгеру жүйесі, қолданылу үлгілері, әдеби нормалары, лексикалық және грамматикалық тәсілдері, стилистикалық өрнектері кәміл аңғарылады. Бұл кітап қазіргі заманғы әдеби тілдің даму тарихы жөнінде де мағлұмат беретін құнды еңбек болып табылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары