5 шілдеден бастап елордада 722 заңбұзушылық тіркелді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
Елордада карантин тәртібін сақтау бойынша рейдтер жалғасып жатыр. Тексеру кезінде 11 тамыз күні түнде Ерімбетов көшесінде "Шашлык" және "Белый дом" кафелері жұмыс істегені анықталды. Карантин шараларына қарамастан, мекемелер келушілерді қабылдаған.
Полиция, эпидемиологтар, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен құралған мобильді топ келген кезде мекемеде 11 клиент болды.
Сондай-ақ Балқантау көшесіндегі "Кентау", Сарыарқа даңғылындағы "Асқар" дүкендері түнгі 22.00-ден кейін жұмыс істеп, бас санитар дәрігердің шешімін бұзған.
Сонымен қатар, күндізгі тексеру кезінде Достық көшесіндегі "Карима" мейрамханасында келушілер әлеуметтік қашықтықты сақтамағаны белгілі болды.
Сондай-ақ жалға алушылардан балалар автокөліктерін жалдауға және елордалық саябақтардың бірінде балмұздақ сатуға қатысты заңбұзушылықтар анықталды.
"Барлық заң бұзушыларға қатысты материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді. 5 шілдеден бастап Нұр-Сұлтан қаласында 722 заңбұзушылық тіркелді, олардың 487-сі тыйым салынған уақытта қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері", - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті.
Тәртіп сақшылары азаматтарды карантин шараларын бұзғаны үшін жауапкершілік барын ескертеді және санитарлық нормаларды сақтауға шақырады.