$ 444.22  476.38  4.82

«Қолы күп болып ісіп кеткен»: ветрянкамен ауырған балаға дәрігерлер дұрыс диагноз қоймаған

Анасының айтуынша, Ваня үш күн бойы ветрянкамен ауырып, денесінің қатты ауырып тұрғанына шағымданған. Бірақ дәрігерлер балаға көмек көрсетуге асықпаған.
Фото: azattyq-ruhy.kz
Фото: azattyq-ruhy.kz

Алматылық үш жасар Иван Михалкин 2019 жылдың 9 желтоқсанында жедел жәрдемнің кеш келуі, ауруына дәрігерлердің емді қате тағайындауы мен диагноздың дұрыс қойылмауы салдарынан көз жұмған. Бұл – жоспарлы тексерудің қорытындысы.

2020 жылдың 9 қаңтарында бүлдіршіннің өліміне қатысты ашылған қылмыстық іс 8 ай өтсе де, әлі күнге дейін сотқа жолданбаған. Бұл туралы Azattyq Rýhy-на Иванның анасы Анна Михалкина мәлімдеді.

ВЕТРЯНКАМЕН АУЫРҒАН БАЛАҒА ДӘРІГЕРЛЕР ДҰРЫС ДИАГНОЗ ҚОЙМАҒАН

«Іс әлі күнге дейін сотқа жолданбады. Тергеуші мамырда қағаз жүзінде медициналық сараптама жасау туралы қаулы шығарды. Күйеуім өткен жұма АІІБ-ге барды, сараптаманың қағазы тергеушіге әлі күнге дейін келмеген. Олардың мамыр айынан бері нені зерттей алмай жатқаны белгісіз. Аурухана тергеу басқармасынан 5-10 минуттық жерде ғана орналасқан. Кімді тергеуге алып жатқаны, қандай тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны да беймәлім. Қылмыстық іс қаңтарда ашылғанымен, оны қарау наурыз айында басталды», - дейді марқұмның анасы.

Аннаның айтуынша, Ваня үш күн бойы ветрянкамен ауырып, денесінің қатты ауырып тұрғанына шағымданған. Бірақ дәрігерлер балаға көмек көрсетуге асықпаған.

«Тұңғыш қызым алғашында ветрянкамен ауырды. Ол жазылғаннан кейін төрт күн өткен соң Ваня ауырып қалды. Балам балабақшаға барып жүрген. 5 желтоқсан күні оның дене қызуы көтеріліп, біз ветрянканың алғашқы белгілерін байқай бастадық. Таңертең әкесі жедел жәрдем шақырды. Денесіне зеленка жағып қойдық, ол шауып ойнап жүрген. Сосын ұлым аяғы ауырып тұрғанын айтты. Содан әкесі оны алып, Жамбыл аудандық амбулаториясының дәрігеріне барған. Дәрігер ем тағайындағаннан кейін, баламыздың жағдайы жақсарғандай болды. Біраз уақыт өткен соң ол әкесіне қолы ауырып жатқанын айтады. Ал мен ол уақытта жұмыста болдым. Бұл 11 желтоқсан күні болатын. Содан соң жедел жәрдем шақырдық. Медбике «Ибуфен» тағайындап, қайтып кетті», - деді Анна.

БАЛАНЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ: «ӘКЕ, СЕНІ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН»

12 желтоқсан күні Ваня қатты мазасынданып, дегбірі қашады. Ауруы асқынған бүлдіршін біресе әкесінен шәй сұраған, біресе төсекке жатқызуды өтінген. Баласының ауырғанына шыдамай, оны қолына көтерген әкесі Алексанр Михалкин ұлының оң қолының ісіп кеткенін байқайды. Бұл жағдай 12 желтоқсан, күндізгі сағат 15:30-да болған.

«Күйеуім маған ұлымыздың оң қолы ісіп кеткенін айтып, қоңырау шалды. Содан мен тағы жедел жәрдем шақыру керек екенін айттым. Біздің үйден Қарасай аудандық ауруханасына 10 минутта жетуге болады. Жарты сағаттан кейін жедел жәрдемге тағы хабарластым. Олар «бос бригада жоқ» деді. Мүмкін, біз бір аптада үш рет жедел жәрдем шақырған соң, асықпаған болар. 17.30-ға қарай жедел жәрдем көлігі келіп, бізді ауруханаға апарды. Ауруханаға әкесі бірге барды. Ваняның қолы күп болып ісіп кеткен. Дәрігерлер оған тыныштандыратын екпе салып, тамырынан қан алып көрмек болған. Осы уақыт аралығында ұлым байыз таппай, бір орында отыра алмапты. Осыдан соң жас жігіт келіп: «Сіздерге жедел жәрдем шақырдық, ГРЭС-тегі (Алматы облысы Өтеген батыр ауылындағы аймақтық балаларға арналған клиникалық аурухана) ауруханаға апарамыз» деген. Жедел жәрдемді кемі 30-40 минут күткен. Бұл кешкі сағат сегіздің кезі еді. Қаскелеңнен Өтеген батыр ауылына жету үшін жедел жәрдем көлігі жарты Алматыны айналған. Балалар ауруханасына келген кезде, ұлымыздың «қолы қарайып, беті сарғайып кеткендей болды» деді әкесі. Ең өкініштісі, ол әкесімен қоштасып үлгерген. Ал мен тіпті, баламмен қоштаса да алмадым. Ұлымды реанимацияға әкетіп бара жатқанда ол әкесіне: «Я тебя любу» деп айтыпты», - дейді Анна көзіне жас алып.

Аймақтық балалар клиникасында дәрілер болмаған. Сол себепті, олар баланың ата-анасынан дәріханадан 0,1% левомицитин әкелуді сұрапты.

«Күйеуім бірден дәріханаға бармақ болған. Бірақ оған «Ұлыңызға ота жасағанын қаласаңыз, келісім қағазына қол қойыңыз» деген. Қобалжып тұрған күйеуім ештеңені оқымастан, қолын қойған. Осы кезде ауруханаға мен де жеттім. Екеуіміз дәріхана аралап кеттік. Бір кезде белгісіз нөмірден қоңырау шалынды... ер адамның даусы: «Сіздермен реанимацияның бас дәрігері сөйлескісі келеді» деді. Ауруханаға келіп, палатаға жүгірдік. Дәрігерлер: «Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық» деді. Реанимацияға кірдік, ол менің Ваням емес еді. Оның еріндері қара-көк болып кеткен, мұрнында қатқан қан. Таңертең ғана мені ұлым жұмысқа шығарып салды, кешке мен оның өлі денесін көрдім. Бұл қалай болғаны?! », - дейді Анна Михалкина.  

ВАНЯНЫҢ ӨЛІМІНЕ ҚАТЫСТЫ ТЕКСЕРІС НӘТИЖЕСІНЕ АТА-АНАСЫНЫҢ КӨҢІЛІ ТОЛМАЙДЫ

С.Д.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетінің профессорлары мен медицина ғылымдарының докторлары жүргізген тексеріс нәтижесі баланың өліміне дәрігерлердің біліксіздігі себеп болғанын көрсеткен протоколдар мен актілерді ұсынған.

Сарапшылардың пікірінше, вирустық жұқпа кезінде Рея синдромының әсерінен баланың бас миы ісініп, нәтижесінде уытты жедел энцефалопатия асқынған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, Рея (Рейе) синдромы (жедел бауыр жетіспеушілігі және энцефалопатия, бауыр ауруы) — балалар мен жасөспірімдерде кездесетін вирустық ауруларды (тұмау, қызылша, ветрянка) құрамында ацетисалицилді қышқылы бар дәрі-дәрмектермен емдеу кезінде пайда болатын өте қауіпті жағдай, көбінесе өмірге қауіп төндіреді. Жедел энцефалопатия (бас миының ісінуінен) дамып, бауырға май жиналады. Рея синдромы кезінде өлім көрсеткіші жеңіл жағдайда 15%-дан ауыр жағдайларда 80%-ға дейін жетеді.

Ваняның анасы ұлының өліміне қатысты тексеріс нәтижелеріне көңілі толмайтынын айтты.

«Құжаттарда өлімге Рея синдромы себеп болған делінген. Біз бұл ауру туралы көп оқыдық және ұлымыздың бойында байқалған симптомдар сәйкес келмейді. Ваня Рея синдромы сипаттамасындағыдай жүрегі айнып, құсып, есінен танған жоқ.  Дәрігерлерге тағайындалған жазаға келсек, кейбірінің қызметін төмендеткен, енді біреулеріне сөгіс жариялаған. Ұлымыз дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмды және олар тек сөгіспен құтылып кетпекші ме? Білетініміз, әлі күнге дейін медициналық сот-сараптамасы жүргізілуде. Біз істі осылайша созып, дәрігерлер жазасыз қала ма деп қорқамыз», - деді Анна.

Azattyq Rýhy Иван Михалкиннің өліміне қатысты ашылған істің не себепті осы уақытқа дейін сотқа жолданбағанына қатысты мәлімет алу үшін Алматы облысы ІІД баспасөз қызметіне хабарласқан еді. Баспасөз хатшысы Ақбота Қуанышбекқызы редакция журналисінің бірнеше сұрағына нақты жауап бермей, жалпылама ғана тоқталып өтті.

«9 қаңтар күні Іле аудандық балалар ауруханасынан полицияға Михалкин Иван Александровичтің өліміне қатысты хабар түскен. ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп, бірқатар сараптамалар тағайындалды. Кей сараптама қорытындысының нәтижесі шықты, кейбірі шыққан жоқ. Бұл іс мамыр айында Қарасай аудандық полиция бөліміне жолданды. Қазір тағы да бірқатар қосымша сараптамалар тағайындалды. Іс Қарасай ауданына жіберілген кезде, істі қарау мерзімі созылған. Нақты шешім сараптама қорытындысы шыққан кезде ғана қабылданады», - деді Алматы облысы ІІД баспасөз хатшысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары