17.08.2020, 07:00

19 тамызда елімізде теле-радио хабарларды тарату тоқтатылады

фото: ria.ru
Жерсеріктік, цифрлық және аналогты эфирлік желілердің техникалық құралдарындағы сервистер жабылып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізілмек.

Қазақстанда 19 тамызда профилактикалық жұмыстарға байланысты телеарналар мен радио хабар тарату уақытша тоқтатылады. Бұл туралы «Қазтелерадионың» баспасөз қызметі хабарлады.

«2020 жылдың 19 тамызында сағат 03:00 мен 17:00 аралығында жерсеріктік, цифрлық және аналогты эфирлік желілердің техникалық құралдарындағы сервистер жабылып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Осыған байланысты, Қазақстанның барлық аумағында телерадиоарналарды ретрансляциялау уақытша тоқтатылады», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, «Қазтелерадио» АҚ тоқсан сайын жерсеріктік және эфирлік желілердің техникалық құралдарында сервистерді жаба отырып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Бұл жұмыстар телерадио хабарларын сапалы таратуды қамтамасыз ету үшін қажет.

Ал тоқсан сайынғы жоспарлы-профилактикалық жұмыстар сервисті ұзақ уақыт өшіруге мүмкіндік береді. Сондықтан осы уақыт ішінде техникалық құралдарды жаңғырту бойынша қосымша жұмыстар да жүзеге асырылады.