Абай – ұлтымыздың біртуар тұлғасы. Хакім Абайдың қайталанбас мұрасы еліміздің баға жетпес құндылығы. Өйткені, Абай шығармалары адамзатты тек ізгілікке шақырып тұрады. Адам баласын игі істерге, ғылым-білімге үндейтін Абай өлеңдері жастардың шамшырағы іспетті. Осы орайда Қызылордада «Абай мұраларын оқу» атты челлендж жүзеге асырылды. Челленджге қатысқан «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Абай қазынасына саяхат» клубының жастары бас ақынның өлеңдерін оқып, әлеуметтік желілерге жүктеді. Бұл шараға өңір аудандарындағы бірлестіктердің мүшелері де белсене атсалысты.
Аталған шара Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Челлендж жолдау барысында тіл жанашыры, неміс этномәдени бірлестігінің мүшесі, «Қоғамдық келісім» КММ аға сарапшысы Светлана Крюгер, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері Константин Луца, Докку Ильясов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Журналистер мен сарапшылар клубының мүшесі Кирилл Денисов, Қазалы ауданындағы «Бірлік-Единство» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нафиса Жұма және басқа да өзге ұлт өкілдері Абай өлеңдерін жатқа оқыды. Дана Абайдың туындыларынан қуат алып, өмірлік қазық еткен өзге ұлт өкілдерінің ана тілімізге деген ерекше ықыластарына желі оқырмандары оң бағасын берді. Абай шығармаларының баршаға ортақ екендігін, ұлыс пен ұлтқа бөлінбейтінін көрінісі осы болса керек.