$ 494.87  520.65  4.91

«Жаңалықтардан шенеуніктердің сыбайлас жемқорлық ісі бойынша ұсталғаны туралы оқитын болдық» - Тоқаев

Жемқорлық  азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті, қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе – осы.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте Үкіметке сыбайлас жемқорлыққа байланысты ұсыныстарды жан-жақты пысықтауға бір ай уақыт берді. Мемлекет басшысының сөзінше, бұл істі созудың еш мәні жоқ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қайырлы күн, құрметті әріптестер!

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі.

Бұл – менің берік ұстанымым және сайлауалды бағдарламада халыққа берген уәдем.  

Осы жұмыста ешқандай көзбояушылыққа, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеуге тиіс.

Талап қатаң болады.

Былтырғы жиында біз нақты іс-қимыл жоспарын айқындадық.

Бүгінде бірқатар мақсатты жүзеге асырдық.

Қазақстан беделді халықаралық ГРЕКО ұйымына, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болды.

Нормативтік актілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізу институтының жұмысы жаңғырды.

Қол астындағылардың жемқорлық әрекеттері үшін басшыларын қызметінен босату қағидаты енгізілді.

Мемлекетіміздің осы бағытта қолға алған шараларын белгілі халықаралық агенттіктер атап өтуде.

Дегенмен, біз бұған тоқмейілсіп отыра бермеуіміз керек.

Сыбайлас жемқорлық жағдайларының саны әлі де азаймай тұр.

Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан.

Ашығын айтқанда, қазір күнделікті жаңалықтардан түрлі деңгейдегі шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтары үшін ұсталып жатқаны туралы оқитын болдық.

Пандемия кезеңінде және мемлекет пен азаматтарымыздың табысы азайған тұста жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтуіміз керек.

Халықаралық сарапшылардың айтуы бойынша мемлекеттер пандемияның салдарымен күреске мол қаражат жұмсап жатқан кезде қаржыны мақсатқа сай пайдаланбау және жымқыру қаупі арта түседі.

Бөлініп жатқан қаражат мұқият әрі тиімді жұмсалуға тиіс. Бұл – әр теңге өзінің мақсатына сай жұмсалуы керек деген сөз.   

Әсіресе, қазіргі жағдайда еш пайдасы жоқ және қажетсіз іс-шараларға қаражаттың шығындалуына  қоғамның қалай қарайтынын көріп отырмыз.

Сондықтан, мұндай мәселелерге  болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, алдын ала мән беру – өте маңызды. 

Біріншіден. Сыбайлас жемқорлық жөнінде жүйелі түрде ескертіп отыруға  ерекше мән берген жөн.

Осыған орай, түрлі саладағы жемқорлыққа жол ашатын жағдайларға сапалы талдау жасау керек.

Заң барлық мемлекеттік органдарға түйткілді тұстарды өз бетінше анықтап, жоюға міндеттейді.

Алайда, бұл жұмыс жүріп жатқан жоқ.

Мұндай әрекетсіздік жақсылыққа апармайды.

Дер кезінде алдын алу және ескерту жұмысы жүргізілмесе, жемқорлық деген кесел көптеген адамның жарқын келешегіне  балта шабуы әбден мүмкін.

Басшы өз қызметкерлерінің заң бұзушылығын жасырмауы керек.

Сондықтан, оны тек жазаға тартудан бөлек, ынталандыру да маңызды. Бұл алдын ала жүйелі шаралар қабылдауға айтарлықтай септігін тигізеді.

Әрбір әкім және министр жұмсалған қаражатқа ғана емес, оны дұрыс жоспарлауға да жауапты болуға тиіс. Нақ осы тұста сыбайлас жемқорлыққа бару қатері көп болуы мүмкін.

Сондықтан, әр басшыға жеке жауапкершілік жүктеледі.

Бас прокуратураға осындай бағалау жүйесін әзірлеуді тапсырамын.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың қызметіне жөнсіз араласуды доғарған жөн.

Сыбайлас жемқорлық пен басқару ісіндегі олқылықтардың аражігін нақты ажырата білу қажет.

Екінші.  Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес.

Күнделікті өмірде жемқорлық жағдайларына тап болған жұрт шарасыз күйге түседі,  әділдіктің бар екеніне сенбейді.

Пандемиямен жалпы ұлттық деңгейде жаппай күрес жүріп жатқанда пайда табу үшін адам қаншалықты арсыз болуы керек?

Мысалы, Алматыдағы Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері азаматтарды блок бекеттен өткізу үшін үнемі пара алып отырған.

Мұндай деректер бірнеше өңірде байқалды. Тіпті, барлық жерде осылай болған шығар деп ойлаймын.

Азаматтарымыз тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келіп отырған кезде сіз бен біздің істеп жатқан жұмысымыздың еш тиімділігі болмайды. Ешқандай халықаралық рейтингтің де керегі болмай қалатыны түсінікті.

Түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету, диплом сатып алу – келмеске кетуі керек.

Бұл үшін қоғамда жемқорлықтан жаппай жиренуге қол жеткізуіміз қажет.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Үкіметпен бірлесіп, тұрмыстық жемқорлықпен күрес жөніндегі жол картасын әзірлеуі керек.

Азаматтармен диалог орнату арқылы сыбайлас жемқорлық белең алып, қоғам наразылығын туғызып жүрген түйткілді салаларды анықтауға болады.

Адамдар бұрынғыша жоғары оқу орны, колледж, тіпті, мектептердегі сыбайлас жемқорлықты айтып, шағымданады.

Жемқорлық  азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті, қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе – осы.

Ал, кәсіпкерлер жер комитеті, өртке қарсы қызмет, салық және кеден органдарын жемқорлық жайлаған деп есептейді.

Жолдың сапасына байланысты да жұртшылықтың алаңдаушылығы жоғары.

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы маған су шаруашылығы саласында айтарлықтай түйткілдер бар екенін хабарлады. 

Міне, осы мәселелер бойынша қоғамдық бақылау тетігі жұмыс жасауға тиіс.

Бұл шараға үкіметтік емес ұйымдарды тартқан жөн. Оларды нормативтік-құқықтық актілерді сараптау ісіне қатыстыру керек.

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл, онымен ымырасыз күрес қоғамның өзекті мәселесінің біріне айналғалы  көп жылдың жүзі болды.

Еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығы осы бағыттағы жүйелі әрі табанды шараларға байланысты.

Үкіметке қағазбастылық пен бюрократияға салынбай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген ұсыныстарды бір ай мерзімде жан-жақты пысықтауды тапсырамын.

Соның нәтижесі бойынша нақты шаралар кешені жасалуға тиіс. Негізгі мақсат – жемқорлықтың тамырына балта шабу, оны түбегейлі жою.

Бұл жұмысты еш созбалаңға салмай, қарқынды түрде жүргізу қажет.

Президент Әкімшілігі қолға алынған барлық шараларды қатаң бақылауға алып, нәтижесін маған үнемі хабарлап отыруы керек.

Баршаңызға рақмет!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары