$ 448.56  478.03  4.79

«Праймериз заманға сай барынша ашық, әділетті түрде өтеді деген ойдамын» - үміткер

Праймериздің әділетті өтетініне сенбейтіндер бар. Ол заңды құбылыс.
Фото: azattyq-ruhy.kz
Фото: azattyq-ruhy.kz

«Nur Otan» партиясының праймеризіне саясаткерлер ғана емес, көпбалалы ана, кәсіпкер, спортшы, жазушы, жалдамалы жұмысшы – бір сөзбен айтқанда, қоғамның өз ісіне жауап бере алатын әрбір мүшесі қатысуға мүмкіндік алды. Көптеген отандастарымызбен бірге павлодардық Жарқынбек Амантай да праймеризге қатысып көруді жөн санапты.  

Жарқынбек Амантай  – Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры. Еңбек жолын Ақтоғай ауданындағы Абай атындағы мектепте ұстаздық қызметтен бастаған. Кейін өмірін журналистика саласымен байланыстырған. Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде тілші, облыстық «Регион.KZ» газетінде жауапты хатшы, Халықаралық «Қазақстан-Zaman» газетінің Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. Үміткер депутат мандаты мәртебе емес, жүгі ауыр жауапкершілік екенін айтады. Жарқынбек Амантайұлымен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.

 - Праймеризге қатысудағы мақсатыңыз қандай?

 - Праймеризге аға буын өкілдерінің кеңесімен қатысуды ұйғардым. Мақсатым – қоғамда болып жатқан өзгерістерді сынаумен ғана айналыспай, осы салаға үлес қосу, қарапайым халық пен билік арасында алтын көпір болу. Қазір бұқара мен саясат арасындағы қатынас алшақтап кеткені жайлы пікірлерді жиі естимін. Оның негізі бар деп есептеймін. Осы ортаға мен де өз үлесімді қосқым келеді. Сондықтан праймеризге қатысуды жөн көрдім.

- Депутаттық мандатқа ие болсаңыз, бірінші кезекте қандай мәселелердің шешілуіне атсалысар едіңіз?

- Көпшілікпен біте қайнасып жұмыс істеп жүрміз деп айтуға болады. Сондықтан ел ішіндегі түрлі мәселелермен жете таныспын. Соның ішінде қоғамда ұлттық идеология, ұлттық патриотизм олқы түсіп жатыр. Депутаттық мандатқа ие болсақ, осы мәселелердің түйінін табуға атсалысам деп ойлаймын. Ертіс, Баян өңірінде мемлекеттік тіл деңгейі Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда кемшін қалып жатыр. Сол олқылықтардың орнын толтыруға атсалысатын едім.

 - Өзіңізді тағы қандай мәселелер толғандырады?

 - Коронавирус пандемиясына байланысты елімізде болып жатқан  ахуал да мың құбылды. Біреулер жұмысынан айрылуда. Қоғамда тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар сынды әлжуаз топ өкілдері бар. Сол кісілердің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне бағытталған көмек діттеген жеріне жетуіне және оның тұрақты болуына атсалысқым келеді. Өйткені, Қазақстанда бір реттік шаралар әдетке айналған. Олардың барлығы өтіп кетеді. Ал мәселе қордаланып, түсініксіз болып қала береді. Осындай дүниелер толғандырады. Одан бөлек, әдебиет пен мәдениетке де көңіл бөлгім келеді. Ұлттық идеологияның, мемлекетшілдік идеологияның басты құралы – әдебиет пен мәдениет. Сондықтан біздің өңірде атқарылуы тиіс күрделі дүниелер бар. Сол проблемалардың жойылуына ұйтқы болсам, руханияттың басы-қасында жүрген азаматтардың үнін естір құлаққа жеткізсем деген ойым бар.

 - Өзіңіз мәдениет саласының қазанында біте қайнасып жүрген азамат болғандықтан проблемаларды жақсы білесіз. Өнер адамы ретінде Сізді қандай меселелер толғандырады?

 - Өзім мәдениет саласында жұмыс істедім. Жүсіпбек Аймауытов атындағы Қазақ драма театры директорының орынбасарлығынан өз еркіммен кеттім. Қазір Жазушылар Одағы облыстық филиалының төрағалығы қызметін атқарып жүрмін. Одан бөлек, Жекпе-жек ұлттық спорт федерациясы өңірлік филиалының Президентімін. Сондықтан мәдениет және спорт саласында қордаланған мәселелерден хабардармын. Әсіресе олимпиадалық емес спорт түрлерін атап өтуге болады. Кейбіреуі қаржыландырудан мүлде құр алақан қалып жатыр. Кей жағдайда оған басы-қасында жүрген азаматтардың сауаттылығы жетпей қалады.  Проблемаларды тізіп жатқанымен, оны қаншалықты жүзеге асыра алатынымыз белгісіз, дегенмен осы мәселелерді бір ізге қоюға атсалыспақпын.

 - Праймериздің шынайы, әділетті өтпейтініне сенбейтіндерге не айтар едіңіз?

 - Праймериздің әділетті өтетініне сенбейтіндер бар. Ол заңды құбылыс. Елімізде осы уақытқа дейін түрлі деңгейлерде өткен сайлау науқандарында олқылықтар болғанын көпшілік біледі. Оны жасыратын уақыт емес. Қазір ашықтық заманы. Мемлекет бұқара мен биліктің біте қайнасуын, әкім, министр, депутаттардан халық үніне құлақ асуды талап етіп отыр. Бұл – уақыт тудырған қажеттілік. Сондықтан праймериз де заманға сай барынша ашық, әділетті түрде өтеді деген ойдамын. Әрине, олқылықтар болу мүмкіндігін жоққа шығарып, кепілдік бере алмаймын. Дегенмен, бұрынғы дүниелерден қарағанда әділдік басым болатынына сенімім мол. Қатысушы ретінде оның шынайы өтуін қадағалаймыз. Халық сенімін арқалау – үлкен аманат. Депутаттық мандат – бұрынғы заманда мәртебе, абырой болып көрінсе, қазір бұл жауапкершілік жүгі деп білемін. Сондықтан барынша шынайы болуға, берген уәделерімді орындауға күш саламын. Сөз бен істің қабысуы ер азамат үшін аса маңызды.

Дереккөз: azattyq-ruhy.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары