20.08.2020, 20:09

«Шұғыл шаралардың нәтижесі»: Тоқаев Арыс қаласының тұрғындарымен кездесті (ФОТО)

Фото: akorda.kz
Президент былтырғы жарылыс кезінде барша қазақстандықтар Арыстағы ағайынның жағдайына алаңдағанын, еріктілердің көмекке келгенін, ұйымшылдықтың арқасында осындай ауқымды жұмыс атқарылғанын, бұл халқымыздың татулығының көрінісі екенін айтты.

Былтырғы Арыс қаласында болған жарылыстан бүлінген нысандардың бірі темір жол бекетінің ғимараты болатын. Президент Түркістан облысына сапары барысында «Арыс -1» теміржол вокзалының қазіргі ахуалымен, Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

"Шын мәнінде, орасан зор жұмыс атқарылды. Нәтижесі жаман емес. Мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді. Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге еліміздің барлық аймағы атсалысты. Бұзылған ғимараттар жөнделді, жаңа үйлер салынды. Соның ішінде осы теміржол вокзалы да бар. Ғасырлық тарихы бар бұл ғимараттың қала тұрғындары үшін маңызды екені түсінікті", – деді Мемлекет басшысы.

Президент былтырғы жарылыс кезінде барша қазақстандықтар Арыстағы ағайынның жағдайына алаңдағанын, еріктілердің көмекке келгенін, ұйымшылдықтың арқасында осындай ауқымды жұмыс атқарылғанын, бұл халқымыздың татулығының көрінісі екенін айтты.

"Баршаңыз көріп отырсыздар, қазіргі пандемия ахуалы ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Көптеген елдер зардап шекті. Сондықтан біз де қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Қазір жағдай біртіндеп тұрақталып келе жатыр. Бұл – ең алдымен, дәрігерлердің еңбегі. Шұғыл шаралардың нәтижесі. Дегенмен әлі де сақтық шараларын ұстануымыз керек. Босаңсуға болмайды. Біз Арысты қалай бірігіп қалпына келтірсек, бұл дертті де солай бірлесіп жеңеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тұрғындар жарылыс болған күні шұғыл түрде түнделетіп ұшып келіп, халықпен кездесіп, жағдайды үнемі бақылауда ұстаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыстарын айтты. Жергілікті халық Арыс қаласы толықтай қайта жаңарғанын, бұл дер кезінде қабылданған шешімнің нәтижесі екенін, осындай сындарлы сәтте мемлекеттің қамқорлығын сезінгендерін айтып, ризашылықтарын білдірді.