$ 494.87  520.65  4.91

Абай ілімі – руханият негізі

Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №12 кітапхана ұжымы «Абай ілімі – руханият негізі» атты әдеби шара ұйымдастырды.
фото: sputniknews.kz
фото: sputniknews.kz

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай бас ақынның шығармаларын насихаттау мақсатында Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №12 кітапхана ұжымы «Абай ілімі – руханият негізі» атты әдеби шара ұйымдастырды. Онлайн форматында өткен шара facebook әлеуметтік желісі арқылы жүзеге асырылды. 

«Абай Құнанбайұлы ұлы ақындығымен, композиторлығымен, ағартушылығымен ел тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Алаш жұртының ардақтысы Міржақып Дулатұлы: «Қазақтың бас ақыны ұлы Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындаймыз. Халқымыз үнемі бұл күнде тұра бермес, ағарар, өнер-білімге қанар» - деп келер күнге үміт артқан болатын. Бүгінгі күні жастарымыздың білім-ғылымға ұмтылып, еліміздің алға қарай қарқынды дамуы өткеннің аманатының орындалуы десек болады», - деді әдеби оқу шарасын ұйымдастырушылар. 

Хакім Абайдың жиырма бесінші қара сөзінде: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», - делінген. Осы орайда онлайн шара Абай туындыларын оқумен жалғасты. Кітапхана оқырмандары дана Абайдың өлеңдерін өзге тілдерде оқып берді. 

«Биыл мемлекетіміз ұлы даланың перзенті, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Әрине, дара тұлғаны құрметтеу, шығармаларын ұғынып оқу – әрбір қазақстандықтың міндеті. Өздеріңізге белгілі, Абай Құнанбайұлы 19 ғасырда дүниеге келіп, сол дәуірмен сусындап, сол замандағы қазақтың кемелденуін, ұлттық руханияттың өсіп-өнуін, әрбір қазақтың білім алғанын қалады. Абайды тану қазақты тану деп түсінуіміз керек. Абайдың бүгінге қалдырған тарихи-рухани мұрасы – қазіргі Қазақстанның дамуының, рухани жаңғыруының кепілі. Тәуелсіз Қазақстан үшінші мыңжылдықта әлем елдерімен терезесі тең саясат жүргізгісі келсе, жаһандану дәуірінде өзінің орнын ойып тұрып алғысы келсе, тұғырлы ұлттың негізін қалаймын десек, Абай секілді даналарымыздың әрбір шығармасын жадымызда ұстауымыз керек. Өйткені, Абай мұрасы әрбір қазақтың білімге, ғылымға деген құштарлығының қайнар бұлағы», - деп пікір білдірді «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Уәлихан Ибраев. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары