Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Сыр өңірінде жыл басынан бері 612 іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде 508 шара онлайн форматта өтті. Бұл туралы Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуова өңірлік коммуникациялар қызметінің орталығында өткен брифингте тарқатып айтып берді.
«Өздеріңізге белгілі биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Абай Құнабайұлының 175 жылдығы, Ұлы жеңістің 75 жылдығы атап өтілуде. Осыған орай өңірлік іс-шаралар жоспарына сәйкес ауқымды шаралар өткізіліп келеді. Атап айтқанда, Е.Төлеубайдың «Абай» трагедиясы, «Абай жолымен» атты республикалық ақындар айтысы, Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық музейінің Қызылорда қаласында өткізген «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты жылжымалы көрмесі, республикалық «Музейлер шеруі» акциясы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Абай музейде» танымдық шарасы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Абай әлеміне саяхат» атты Абайтану бұрышы ашылды», - деді басқарма басшысы.
Аймақта Абай мұрасын дәріптеуге арналған онлайн шаралар легі жалғасуда. Хакім Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралар Youtube желісіндегі «Сыр шаңырағы» каналынан тұрақты түрде беріліп отырады.
Жалпы жыл басынан бері облыс бойынша әр түрлі бағыттағы 8000 мәдени шара онлайн форматында ұсынылған. Одан бөлек 8 республикалық, 40 облыстық байқаулар мен фестивальдер онлайн режимінде ұйымдастырылғанын жеткізді Мира Рахымжанқызы.