Абай – дара, Абай – дана қазақта. Абай есімі қазақ елімен бірге мәңгі жасайды. Поэзияда, музыкада, ағартушылық жолда, қоғамдық ой-пікір қалыптастыруда өшпес із қалдырған дана Абай шоқтығы биік дара тұлға.
Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ағартушы, бас ақын, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының туындыларын жатқа білу – әрбір қазақтың міндеті. Осы орайда Абайдың 175 жылдығы, әрі биыл күнтізбеге енген Абай күніне байланысты Қызылорда қаласының тұрғындары арасында сауалнама жүргізілді. Мақсат – ұлы тұлғаны көпшіліктің қаншалықты білетіндігінен хабардар бола отырып, Абай мұрасын насихаттау болатын.
Сауалнама жүргізу барысында кездескен қала тұрғындарының ішінде жалынды жасы да, қазыналы қариясы да болды. Олардың әрқайсысы Абай атамыздың өмір жолынан хабардар екендігін көрсетті. Сонымен бірге, Абай Құнанбайұлының өлеңдерінен үзінді оқып, енді бірі Абай әндерін тамылжыта орындап берді.
Заманының дара тумасы жайлы үздік пікір білдіріп, белсене атсалысқан жандарға ұлттың ұлы тұлғасының кітабы тарту етілді.