Қызылордадағы Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы оқырмандарға арнап тұрақты түрде кітаптарға шолу жасап отырады. Кітапхана тарапынан қазақ әдебиеті, әлем әдебиеті, тарихи кітаптар мен балаларға арналған шығармалар жинақтары және басқа да жаңа, қызықты туындылар жайлы қысқаша мағлұмат беріліп, оқырмандарды кітап оқуға насихаттайтын шаралар онлайн форматта ұйымдастырылып келеді. Кітаптың адамды баурап алатын ең әсерлі тұстарын баяндай отырып, оқырманға жеткізе білген кітапханашылардың еңбегі ерекше. Осы орайда хакім Абайдың мол мұрасы, Абай әлемімен байланысты кез келген құнды еңбектер туралы жарияланып тұратынын айта кету керек. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай кітапхана оқырмандары арасында Абай шығармаларын оқудан челлендждер жүргізілуде.
Сонымен қатар, facebook әлеуметтік желісі арқылы жергілікті ғалымдармен Абай тақырыбындағы сұхбаттар өткізілу үстінде. Абай жайлы жазылған еңбектер де үнемі назарда.
Мәселен, осы аптада кітапхана ұжымы оқырмандарға арнап ақын Әнуар Тарақовтың «Ғаламның жыр данасы» атты кітабын оқуды ұсынды.
«Филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Әнуар Тарақов Абай шығармаларына тұтастай кешенді зерттеу жасады. Ғалым классик ақынның өлеңінің әр жолын, тіркесін, сөзін талдап, тұжырымдайды. Өлеңнің мазмұнын мәтіндегі ақынның тұспалды ойын, көркемдік-бейнелеу үлгілерін, поэтикалық жаңашылдығын айқындаған. Ғылыми еңбектің тілі жеңіл, оқырмандардың түсінуіне, пайымдауына бейімделген. Автор Абай өлеңдерінің сұлулығы мен сыршылдығын, тереңдігі мен танымдылығын, философиясы мен эстетикасын, тағы да басқа ерекшеліктерін әлемдік классикалық поэзия үлгілерімен салыстыра сараптап, бағалайды. Кітап 2020 жылы «Сардар» баспасынан жарық көрді», - деп мәлімет берді кітапхана ұжымы.