24.08.2020, 14:20

Абай жаққан алау

Сондай-ақ, кітапта көптеген танымдық дүниелер бар.

Абайдың ақыл-ой қазынасы – біздің ұлттық байлығымыз, даналықтың мәйегі. Абай әлемі – көз жетпейтін көкжиек, шексіз кеңістік. Сондықтан да әлемдік ғұламалармен ұлы Абайдың терезесі тең. Осындай теңеулермен басталған «Абай жаққан алау» кітабының мазмұны тереңде. Абайдың немере інісі Қайыржан қажы Макиннің бұл еңбегі туралы Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы оқырмандар назарына ұсынды. 

«Өмірдің өзекті мәселелеріне тынбай қалам толғап келе жатқан танымал қаламгер, Абай атаның немере інісі Қайыржан қажы биыл сексеннің сеңгіріне шықты. Ойы сергек, қаламы жүрдек, өмірден көргені көп, 25 шет елде болып, 23 ота жасатқан ақсақал оқырмандарына кезекті 21-ші кітабын тарту етіп отыр. Қайыржан қажының өзге жазушылардан ерекшелігі жыл сайын 1000 данадан өз қаражатына жарық көріп жатқан кітаптарын сатпайды, кітапханаларға, мешіттерге, той-жиындарда кітапсүйер қауымға тегін таратады. Автор бұл кітабында елдік пен ерлікті, ынтымақ пен бірлікті, дін мен дәстүрді, адамгершілік пен имандылықты дәріптей отырып, жас ұрпақты отанжандылыққа, адамзатты сүюге үндейді. Сондай-ақ, кітапта көптеген танымдық дүниелер бар. Кітап биыл «Тамыр» баспасынан жарық көрді», - деп оқырмандарды Абай әлемі жайлы ізденуге шақырды.

Ғасырдан астам уақыт өтсе де, сөзі жаңа, үні өктем хакім Абайдың туындылары бізбен бірге тыныстап келеді. Осы орайда кітапта: «Өмір философиясы туралы ұлы Абайдан асырып айтқан ешкім жоқ» деп Абай пәлсапасы жөнінде айтып өткен.

Сонымен бірге, мұнда Абайдың баласы Тұрағұлдың әдемі естеліктері де берілген. Кітапта автордың Абай туралы әр жылдары жазған тың деректорге толы мақалалары да бар.