$ 494.87  520.65  4.91

Әлемнің екінші ұстазы

Жастарды білім алуға, ғылым жолына түсуге, қоғамға пайдалы азамат болуға үндеген шараның соңы Әл-Фарабидің өнегелі сөзімен тәмамдалды.

Қызылордадағы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №12 кітапханада «Әлемнің екінші ұстазы» атты портрет кеші өтті. Онлайн форматта өткен шара Аристотельден кейінгі дүние жүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист, ғалым Әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында ұйымдастырылды.

«Әбу насыр әл-Фараби 870 жылы Сырдария бойында ерте заманда түркі халықының орталығы болған Отырар қаласында дүниеге келген. Отырарды арабтар Фараб деп атаған. Қай жерден шыққанын білдіру үшін аты-жөніне өзінің туған мекенін тіркейтін сол заманның дәстүрімен ұлы ұстаз Фараби атанған. Ғұлама алғашқы білімін Отырар медресесінен алған. Шығыс ойшылы білім-ғылым іздеп көп жерлерді аралаған. Ақырында әлемнің ғылым дүниесі болған Бағдат қаласында тұрақтап қалады. Әл-Фараби ғұмырының соңын Сирия, Шам елінде өткізді. Себебі, сол кезде Сирияның мәдени өркендеу деңгейі басқа араб елдеріне қарағанда жоғары болған екен. Тарихи деректерде әл-Фарабидің 70-ке жуық тіл білгендігі айтылған. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл ғылымның әр саласы бойынша 150-дей трактат жазып қалдырған. Ғұламаның Шығыс және Орталық Азия халықтарының, соның ішінде дүйім түркі жұрты мен қазақ халқы мәдениетінің дамуына ықпалы зор. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері қарай Қазақстан ғалымдары ұлы ұстаздың бай мұрасын жинап, зерттеп тануға өз үлестерін қоса бастады. Соның бірі – кіндік Азияда Фарабитанудың атасы атанған Ақжан әл-Машани. Ғалым ұлы ойшылдың Отырардан шыққан Қыпшақ тумасы екенін дәлелдеп, 11 ғасырдан соң ұрпағымен қауыштырушы ғана емес, мұраларын зерттеп, Фарабитанудың көпірін тұрғызушы. Әл-Фараби еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Оның мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық көзқарастары қоғам үшін маңызды», - деді шараны ұйымдастырушылар.

Жастарды білім алуға, ғылым жолына түсуге, қоғамға пайдалы азамат болуға үндеген шараның соңы Әл-Фарабидің өнегелі сөзімен тәмамдалды.

«Шығыс әмірлерінің бірі Әл-Фарабиді сарайына шақыртып, мынадай сауал қояды:

«Уа, екінші ұстаз! Менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ? Болжамыңды естігім келеді!» - дейді. Сонда Әл-Фараби:

«Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, айтып берейін!» - деген екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#әлФараби