Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Сыр өңіріндегі Асанас қалашығының орнында археологиялық қазба жұмыстары басталды. Кешенді қазба жұмыстарын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мамандары ұйымдастыруда. Ал, көне қала орнын зерттеуді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары қолға алды. Сыр археологтары аршыған нысандар ұзақ уақытқа сақтауға алынады. Ол маңнан табылған тарихи жәдігерлер облыс музейлерінің қорына өткізіледі.
«Бұл көне мекендегі археологиялық зерттеу жұмыстары алдағы жылдары да жалғасатын болады. Өйткені, Асанас қалашығы – Алтын Орда кезеңінен қалған маңызды ескерткіштердің бірі. Асанас Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 48 шақырым жерде орналасқан. Яғни, тарихи-мәдени мекеннің орны Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылынан 8 шақырымдық жерде. Ескі қала «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енді. Өңірлік қасиетті нысандар тізбесінде тұрған қала аймағын қоршау жоспарланып отыр», - дейді жергілікті ғалымдар.