Биыл "Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогі" медалімен марапатталғандарға 830 мың теңгеден төленеді. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов тамыз кеңесінде мәлімдеді.
Биыл елордалық мұғалімдер алғаш рет "Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогі" медалімен марапатталады. Медаль иелеріне 830 мың теңгеден (300 АЕК) төленеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
Көлгінов осы жылдың қаңтарынан мұғалімдердің жалақысы 25%-ке өскенін атап өтті. Айтуынша, 2024 жылға дейін еңбекақы 25%-ке артады.
"Былтыр біз өз тарапымыздан қайтарымсыз негізде әлеуметтік жәрдемақы түрінде 1 миллион теңге мөлшерінде 275 тұрғын үй сертификатын бөлдік. Осы жылы да мұғалімдердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесеміз", - деді әкім.
Ол былтыр жұмысын енді бастаған мұғалімдер үшін 350 орындық жас педагогтар үйі салынғанын айтты.
Ал биыл "Қазақстан ипотекалық ұйымымен" бірлесіп 1 мың әлеуметтік пәтерді сату туралы келісімге қол қойылған. Бұл баспанаға мұғалімдерден басқа медицина қызметкерлері, полицейлер, әлеуметтік қызметкерлер, мәдениет және спорт қайраткерлері де үміткер бола алады.