25.08.2020, 21:21

Түркістанда қыз алып қашқан үш жігіт сотталып кетті (ВИДЕО)

Фото: informburo.kz
20 жастағы бойжеткенді таңертең оқуға бара жатқан жерінде, төрт жігіт көлікке басып салып, алып кеткен. Қызды көндіру үшін Шымкенттегі туыстарының үйіне әкеліп, болашақ «күйеу» жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып күш қолданған.

Түркістанда қыз алып қашқандарға сот үкім кесті. Төрт айыпталушының ісі қалалық сотта жабық есік жағдайында қаралды. 20 жастағы бойжеткенді еркінен тыс ұрлап, көндіру үшін зорлағандардың алды сегіз жылға жаза арқалады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

"Сот үкімімен үш сотталушыға қатысты «адам ұрлау» бабымен әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Және тағы бір сотталушыға қатысты «Адам ұрлау» және «зорлау» екі бап бойынша түпкілікті 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған", - деді Түркістан қалалық сотының төрағасы Айгүл Жаңбырбаева.

Бұл оқиға былтыр 3-желтоқсан күні Түркістан қаласында болған еді. 20 жастағы бойжеткенді таңертең оқуға бара жатқан жерінде, төрт жігіт көлікке басып салып, алып кетті. Қызды көндіру үшін Шымкенттегі туыстарының үйіне әкеліп, болашақ «күйеу» жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып күш қолданған.

Тіпті өміріне  қауіп төндіріп, еркінен тыс зорлағаны сотта өз дәлелін тапты деді телефон арқылы сұқбат берген сот төрағасы. Алып қашудың құрбаны болған бойжеткенді бұған дейін көрсеткен-ек. Ол бұл жігіттің жеңгелерін де жауапқа тартуды сұраған болатын.