Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Сарысу және Талас аудандарында болып, өңір әкімдерінің есебін тыңдады. Спорт алаңдары мен мектептің оқу жылына дайындығын тексерді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талас ауданы әкімдігінің ғимаратында өткен кездесуге облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҰҚК департаментінің басшысы Марат Ирменов, полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов және құқық қорғау органдарының аймақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Қатысушылар аудандардағы қоғамдық-саяси ахуал, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, жұмыспен қамту шаралары, білім беруді дамыту, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, құрылыс жұмыстарының барысы, қылмыстың алдын алу мәселелерін талқылады.
Ағымдағы жылдың соңына дейін Сарысу ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, жалпы сомасы 7,1 млрд. теңгеге 58 жобаны іске асыру жоспарланған.
Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын құруға, жергілікті тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Барлық жұмыссыздар жұмыспен қамту шараларымен қамтылуы керек. Егер жауапты тұлғалар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламаларының барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білсе, жұмыссыздық деңгейі төмендейтін болады", -деді Бердібек Сапарбаев.
Ол азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және мемлекеттік қолдау шаралары туралы жан-жақты хабардар етуді тапсырды.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыспен қамту және еңбек мәселелеріне әрқашан айрықша назар аударып келеді. Адамдарды лайықты түрде жұмыспен қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысы нақты міндеттер жүктеді. "Еңбек" бағдарламасы аясында қайтарымсыз гранттар мен шағын несиелер алушылардың санын арттыру керек", - деді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, жұмыссыздықтың артуы қылмыс деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Облыс әкімі жасөспірімдер қылмысына қатысты жағдайды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
"Құқық қорғау органдарының есебінде тұрған оқушылармен олар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де жұмыстар жүргізіліп жатыр ма? Олармен профилактикалық жұмысты одан әрі жалғастыру – маңызды. Тек осылай ғана біз балаларымызды бұзақылық әрекеттерден сақтай аламыз. Бұрыңғы сотты болғандармен де мақсатты жұмыстарды жүргізген ләзім", - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар, ол иесіз нысандар мен экологияға қатысты мәселелер шешілуін күтіп отырғанын, әлеуметтік келісім мен ұлттық бірлікке ерекше назар аудару керектігін айтты. Талас ауданы әкімдігінің басшылығына да осындай мәселелерге жіті көңіл аудару жайы тапсырылды. Биылғы жылы осы аймақта жалпы құны 5,6 млрд. теңгені құрайтын 77 жоба жүзеге асырылуда. Ол жобалар аясында әлеуметтік нысандар салынып, ретке келтіріледі, жолдар жөнделеді, инфрақұрылым орнатылады. Соған қарамастан проблемалар да азаймай отыр. Мәселен, аудан аумағында иесіз нысандар көп. Ауылдарда IT-технологиялар дамымаған. Жастардың бос уақытын ұйымдастыру жұмыстары нашар жүргізілуде. Барлық мектептер жаңа оқу жылына дайын емес.
"Барлық қордаланған мәселелер тез арада шешілуі керек. Бұл үшін барлық жағдайлар мен мүмкіндіктер бар. Әкім тек жауапты ведомстволардың жұмысын үйлестіруі қажет", - деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ, қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі қысқа мерзімде учаскелік инспекторлардың санын көбейтіп, олардың барлығын баспанамен қамтамасыз ететін нұсқаларды қарастыруы керек.
Жиынға қатысушылар әр ауылда учаскелік инспектор болса, олар заңсыз әрекеттердің алдын алуға немесе ауыл тұрғындары арасындағы жанжалдың өршуіне уақытында жол бермеуге септесетіндігін алға тартты.
"Мұндай жағдайлар жастар бос сенделіп жүрген кезде орын алады. Сондықтан жергілікті билік ата-аналармен, ақсақалдармен, қоғамдық белсенділермен араласып, оларды тыңдап, ауылдарда жанжалдық фактілерді болдырмауы керек", - деді Бердібек Сапарбаев.
Жиын барысында тұрғындар екі нысандағы құрылыс жұмыстарының кестеден кешеуілдеуіне алаңдаушылық тудырды. Кездесуден кейін облыс әкімі тілге тиек етілген қос нысан Орталық стадион мен Ш.Уәлиханов атындағы мектептің құрылысымен жеке-жеке танысты.
720 оқушыға арналған мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Жоспар бойынша, құрылыс шілде айының ортасында аяқталуы керек еді. Бірақ, мердігер ұйым өкілінің айтуынша, құрылысшылар үлгере алмай отырған көрінеді. Жұмыс әлі де жалғасуда.
фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Мердігер өз жұмысындағы осындай келеңсіздіктер үшін заң бойынша жауап береді. Осы уақытқа дейін мектеп оқушыларды қабылдауға дайын болуы керек еді. Енді балалар қайда барады? Барлық сабақтар қашықтан оқытылмайды. Бұл сонымен бірге жергілікті атқарушы орган жұмысының әлсіздігі. Балалар жаңа оқу жылында оларды әдемі мектеп қарсы алады деп күтті. Мердігер бәрін алдын-ала есептеп, ұсақ-түйектерді ойластыруы керек еді. Небәрі 25 құрылысшының күші неге жетеді? Жұмысты дұрыстап үйлестіру керек емес пе?!", – деп қатаң ескертті облыс әкімі.
Сонымен қатар ол қысқа мерзімде құрылысшылар санын көбейтіп, нысанды тездетіп пайдалануға беруді тапсырды.
«АрМаНур» Орталық стадионында көрермендерге арналған жүгіру алаңы мен орындықтар өзгеруде. Нысан 20 қыркүйекте пайдалануға берілуі керек. Қазір материалдарды жеткізуде қиындықтар бар, олар жақын арада шешіледі. Бердібек Сапарбаев футбол алаңын, шешінетін бөлмені, душ бөлмесімен танысты, «Игілік» футбол командасының жаттықтырушысы Ерлан Шоқановпен сөйлесті.
"Футболдың даңқты дәстүрлерін қайта жандандырып, мықты спортшыларды тәрбиелецтін уақыты келді. Мемлекет командаға қолдау көрсетеді. Ең бастысы, аянбай еңбек етіп, жақсы нәтиже көрсетіңіз", - деп түйіндеді облыс әкімі өз сөзін.