$ 494.87  520.65  4.91

Әскери-медициналық жасақ Ливаннан оралды

Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында әскери дәрігерлермен салтанатты кездесу өтті.
Фото: ҚР Қорғаныс министрілігінің ресми сайтынан
Фото: ҚР Қорғаныс министрілігінің ресми сайтынан

Арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасақ Ливаннан оралды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ҚР Қорғаныс министрлігің ресми ақпаратына сүйене отырып.

Екі аптадан астам уақыт бойы қазақстандық арнайы мақсаттағы әскери-медициналық жасақ Ливанда болды. Әскери дәрігерлер Бейрут, Боуар, Сайда, Машгара қалаларындағы жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп, елімізге аман-есен оралды.

Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында әскери дәрігерлермен салтанатты кездесу өтті. Аталмыш кездесуде министрдің орынбасары генерал-майор Руслан Шпекбаев құттықтау сөз сөйледі.

«Осы уақыт ішінде біздің медицина қызметкерлері қойылған міндеттерді лайықты орындап, шетелдік әріптестерінің тарапынан оң бағаланды. Сіздерді қойылған міндеттердің орындалуымен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметте табыс тілеймін», - деп лебізін білдірді қорғаныс ведомствосы басшысының орынбасары.

Ливанда қазақстандық дәрігерлер хирургиялық, травматологиялық және терапевтік науқастарды емдеуге жұмылдырылды. Күн сайын дәрігерлік-мейірбикелік бригадалар тексерулер мен консультациялар, қажетті дәрі-дәрмекпен емдеу іс-шарасын жүргізді. Әскери дәрігерлер әр түрлі жастағы науқастарды емдеді. Оның ішінде кішкентай балалар мен ересектер дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Ең қарт науқастардың бірі сол жақ жамбас сүйегі сынған 90 жастағы ер адам болды. Қарияға екі жақ мамандарының күшімен ота сәтті жүргізілді. Әскери дәрігерлер барлығы 635 науқасты қабылдап, 73 емделушіге ота жасалды. Сонымен қатар, Бейрут әскери госпиталіне Қазақстан тарапынан дәрі-дәрмек және медициналық мүлік түрінде гуманитарлық жүк тапсырылды.

«Ливандықтар өте риза халық. Біз ұшып бара жатқанда олар Қазақстан Республикасына, Президентімізге үлкен алғыс білдірді. Жергілікті тұрғындар да жылы қабылдады. Әскери госпиталь мен муниципалдық ауруханаларда жұмыс істеу барысында біз үлкен тәжірибе жинадық»,-деді ҚР ҚМ Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының ғылыми-хирургиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, жетекші хирург, медицина қызметінің полковнигі Асқар Маруфов.

Сонымен қатар, жұмыс барысында қазақстандық әскери дәрігерлер ливандық әріптестерімен өзара іс-қимыл жасап, бірлескен емдік іс-шаралар жүргізіп, құнды тәжірибе алмасты. Әскери дәрігерлер елімізге аттанар тұста Ливан Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы генерал Джордж Юссеф және әскери госпиталь бастығы генерал Абудахир Насиммен кездесу өтті. Кездесуге қатысушылар тәжірибе алмасу мен екі елде әскери медицинаны дамыту бойынша одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Ливан тарапы көрсеткен көмегі үшін біздің дәрігерлерімізге зор алғысын білдірді.

Айта кету керек, әскери дәрігерлер ҚР Президенті – ҚР ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысы қойған міндетті лайықты орындады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары