27.08.2020, 17:00

«Ресеймен вакцина сатып алу туралы келісім жасалған жоқ» - ДСМ

Фото: inform.kz
Тек Ресей вакцинасы дайын болып, халықаралық сертификаттан өткен кезде сатып алу жоспары жайлы келісілген.

Қазақстан Ресеймен вакцина сатып алу жөнінде әлі келісім жасасқан жоқ, оның бағасы мен көлемі де әзірге белгісіз, деп жазды Азаттық сайты.

Бұл туралы Азаттық тілшісіне денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов хабарлаған.

"Ешқандай келісімге қол қойылған жоқ, тек Ресей вакцинасы дайын болып, халықаралық сертификаттан өткен кезде сатып алу жоспары жайлы келісілген. Қазақстан үкіметі кімде вакцина дайын болса және халықаралық стандартқа сай сертификациядан өтсе, халықты Covid-тен қорғау үшін содан вакцина сатып алады. Ол Ресей бола ма, Қытай немесе басқа мемлекет бола ма, маңызы жоқ. Әзірге Ресей ғана вакцина дайын деп мәлімдеді. Өзге мемлекеттерде мұндай ресми мәлімдеме болған жоқ. Егер мәлімдеме болса, олармен де келісеміз", – деп атап өткен Бағдат Қожахметов.

Қазақстандық бірқатар БАҚ 26 тамызда Ресей тікелей инвестиция қорының бас директоры Кирилл Дмитриевке сүйене отырып, Қазақстан мен Ресей арасында жасалған келісімге сәйкес, бастапқыда елге екі миллион Спутник V вакцинасын елге жеткізу қарастырылған деп хабарлаған еді. Кейінірек бұл көлем бес миллионға жетуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі вакцинаның нақты көлемі мен құны жазбаша түрде келісілген жоқ дейді.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың кемінде 10 пайызын вакцинадан өткізу туралы рекомендация берген. Ал бізде халықтың 11,5 пайызы тәуекел топқа кіреді. Бұл шамамен екі миллион адам. Сол себепті бірінші кезекте тәуекел тобына кіретін адамдарды қамтамасыз ету үшін осындай цифр айтылған. Бірақ бұл ауызша айтылды және бұл цифр ешқандай келісімде жазылған жоқ", – деді министрлік өкілі.

24 тамызда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вице-премьер Роман Скляр бастаған делегация тобымен Мәскеуге барған. Ресей шенеуніктерімен кездесуде талқыланған мәселелердің бірі Ресей шығарған вакцинаны сатып алу мәселесі болған. 26 тамызда қазақстандық "СК-Фармация" квазимемлекеттік компанияның (дәрі-дәрмек сатып алу бойынша бірыңғай дистрибьютор) Ресейдің тікелей инвестиция қорымен "өзара түсінікстік" туралы келісімге қол қойып, Нұр-Сұлтанға коронавирус вакцинасын бөлу туралы келіскені хабарланды.

Денсаулық сақтау министрлігі Facebook желісінде де келісім жасалғанын растап, барлық сынақ кезеңінен өткеннен кейін тараптардың кепілдендірілген "Спутник V" вакцинасын алу туралы келіскенін хабарлады.

Қазір әлемде 100-ден астам коронавирусқа қарсы вакцина жасалып жатыр. Covid-ке қарсы екпені алғаш тіркеген елдердің бірі Ресей қазан айында жаппай егу бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ал батыс ғалымдары вакцина сынақтың барлық кезеңінен өтпегендіктен оны қауіпсіз және тиімді деп атау әлі ерте деп санайды.

21 тамызда британдық вирусолог мамандардың пікіріне сүйенген Reuters агенттігі препарат вирустың мутациялануына жол ашуы мүмкін деген. Ал ондай жағдайда вакцина тиімсіз болып шығады. Ресей мұны жоққа шығарады.