Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) кезекті отырысында қорғаныс және ішкі істер салаларындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерісін жеңілдету туралы ұсыныстар талқыланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл Цифрлық Комиссарлардың қатысуымен өткен алғашқы отырыс. Отырыста әскери билеттердің қағаз нұсқасынан бас тарту, оларды тек соғыс жағдайында ғана беру ұсынылды.
Қалған уақытта әскери билет жергілікті әскери комиссариатта сақталады, ал әскери міндеттілігі туралы хабарлама «электронды үкімет» порталындағы азаматтардың жеке кабинетіне жіберіледі.
«Бұл ұсыныс жүзеге асырылған жағдайда азаматтардан әскери билеттің түпнұсқасы талап етілмейді және бюджеттік шығындарды 100% үнемдеуге мүмкіндік береді. Қажетті деректердің бәрін egov.kz. порталы арқылы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесінен алуға болады. Біз сондай-ақ, азаматтар тұрғылықты жерін ауыстырған кезде оларды әскери есепке автоматты түрде қоюды ұсынамыз. Тіркеу кезінде ақпарат автоматты түрде біздің дерекқорымызға түседі де, біз бірден әскери есепке аламыз. Ол үшін азаматтарға әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ. Жалпы, біз 16 мемлекеттік қызметті бірден автоматтандыруды ұсынамыз», – деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев.
Сондай-ақ, отырыс барысында автокөлік құралдарын тіркеу, кепілді тіркеу және жүргізуші куәлігін беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға қатысты мәселелер талқыланды. Бүгін бұл қызметтер порталда қолжетімді, алайда аталған мемлекеттік қызметтердің түрлерін көбейту, сол арқылы оларды алу тәртібін жеңілдету ұсынылды.