28.08.2020, 14:20

Мойынқұмда атыс болып, бір адам қаза тапты

Фото: azattyq-ruhy.kz
Жедел-тергеу тобының мамандары оқиға орнына келгенде ер адамның денесін тапқан.

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында кісі өлтіру оқиғасы болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Азаттық рухы сайтына сілтеме жасап.

«Мойынқұм ауылындағы азық-түлік дүкенінің жанында екі жас жігіт жанжалдасып, салдарынан біреуі қайтыс болды. Ауыр қылмыс жасауға не итермелегенін анықталып жатыр. Бұл жағдайды полицияға сол маңдағы үйлердің бірінде тұратын тұрғын хабарлаған», - деп хабарлайды.

Жедел-тергеу тобының мамандары оқиға орнына келгенде ер адамның денесін тапқан. Ол Қылышбай аулының 26 жастағы тұрғыны болып шықты.

Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен (кісі өлтіру) сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медицина сараптамасы тағайындалды.

Полиция қызметкерлері тергеу барысында күдікті ретінде Мойынқұм ауылының 27 жастағы тұрғынын ұстады. Ол кінәсін мойындады және одан 20-шы калибрлі қару тәркіленді.