Театр әртісі, актер Алмат Сақатов қазақ қоғамындағы қайшылықтар мен пендешілік жайлы сөз етті. Әр іске үн қосып, шынайы жауап беретін қазақ актері шынайы сұхбат берді. Өзінің кемшілігі көп екенін айтты. Саясат жайлы сөз қозғады. Театр актерлерінің кәсібилігін салыстырып көрді.
Алмат Сақатов көңіл-күйдің адамы. Ойына келгенін тік айтады. Әр істе өзіндік пікірі бар. Әріптестерінің бәрін даттамайды. Өз бойында кемшіліктердің жетерлік екенін мойындайды. Әр адам саясаттың ішінде жүр дегенімен, саясатқа еш барғысы жоқ.
"Бізде қоғамда ұлт пен ұлт араздығы, іріткі салу, кек алу деген алауыздық көбейіп кетті. Дүнген мен қазақ, қазақ пен шешен төбелесіп, қан төкті. Менің бір түсінбейтінім, егер қазақ өзге ұлтты өлтірсе, бүкіл қазақ жаман болады. Егер бір өзге ұлты қазақты өлтірсе, бір өзі ғана айыпты болады. Біз сол өзге ұлтты кезінде құшақ жая қарсы алған халықпыз. Өзіміз аш отырып, өзгеге нан бөліп берген едік. Оны өздері де мойындайды. Сондықтан біздің елдегі әрбір 130 ұлт күніне 130 рет қазаққа алғыс айту керек деп ойлаймын", - деді актер "Уақыт көрсетеді" бағдарламасына берген сұхбатында.
Алмат мырза әкесінің соңғы өсиетін көпке ашық айтты. "Мәдениетті еш уақытта сатып ала алмаймың, ол тек өзіңді тәрбиелеумен келеді", - деді ол.
Алмат Сақатов ел алдында "Бауыршан шоу" театры арқылы танылғаны белгілі. Бауыржан Ибрагимовті ұстазы деп құрметтесе де, оның образдары Нұржан Төлендиевке жете алмайтынын айтады.
"Уәлибек Әбдірайымов пен Бауыржан Ибрагимовты салыстыратын болсақ, екеуінің де деңгейі бірдей актер. Бірақ екеуі де образ жасау жағынан Нұржанға жетпейді. Тука қазір алда келе жатыр", - деді ол.
Алмат Сақатов Бауыржан Ибрагимовты өмірде ұстазы, тәрбие берген азамат ретінде сыйлайды. Әлі де бастығымыз деп санайды.
Фото: stan.kz