03.09.2020, 09:40

Үстіртте турист әйел ұлымен бірге із-түзсіз жоғалып кетті

Фото: lada.kz
Туристердің суы көп болмаған, байланыс жоқ, көлік өртенген.

Үстірт шоқысының ен даласында екі турист - әйел мен оның баласы із-түзсіз жоғалып кетті. Оларды екі тәулік бойы жергілікті тұрғындар мен Маңғыстау облысының әскерилері іздеген. Бұл туралы жоғалған келіншектің құрбысы Ирина Муравьева айтып берді деп жазады nur.kz.

Белгілі болғандай, төрт көліктен құралған топ көрікті жерлерді аралауға шыққан. Бір тәулік ішінде олар Үстірт қорығының маңына, "Қаранжарық" дем алу орнына келіп жетеді. 31 тамыз күні топ қайта жолға шығады - олар "Бұлойық" үңгіріне бет алған.

Жолда топ арасында жүрген Ольга есімді келіншек бұған дейін жүріп көрген жолымен діттеген жерлеріне бөлек аттанатынын мәлімдеген деп жазады Lada.kz.

Көлікте келіншекпен бірге оның жеткіншек ұлы болған. Көліктегі жанармай үңгірге жетіп, қайта оралуға жететіндей көлемде болыпты. Туристер кездесу орнын белгілеп, жолға тартады. Үңгірге келіп жеткен туристер Ольганың хабарсыз кеткенін байқайды. Екінші кездесу орны - "Бөгетте" де Ольга болмай шығады. 

Туристер оны іздеуге кіріседі. "Легион тур" ұйымының өкілдері бұл жайтты естіп, турситерге іздеу жұмыстарына көмекке шыққан. Түнге дейін Ольганы таппаған туристер полицияға хабар береді. Іздеуді "Легион тур" өкілі Антон Дикин, Жаңаөзен ІІБ өкілі Исатай Шурабаев, Қарақиян ауданы полиция бөлімінің басшысы Әзімов, Маңғыстау облысы ТЖД басшысы Базарбаев, Қарақиян ауданы ТЖ бөлімінің басшысы Елшібаев, сонымен қатар кеденшілер мен қорықшылар жалғастырды.

Екінші тәулік аяқталар шақта жоғалған туристер табылды. Оларды қорықшылар мен Антон Дикин тапқан. Белгілі болғандай, олардың көлігі белгісіз себептермен өртеніп кеткен. Туристердің суы көп болмаған, байланыс жоқ, көлік өртенген. Бұл жағдайда топтың белсенді іздеу жұмыстары әйел мен баланың өмірін құтқарып қалды дейді Ирина Муравьева.