Жаңа пневмонияның қауіптілігі жоғары. Алматы қаласының бас санитар-дәрігері белгісіз пневмонияның таралу себебін Корея технологиясы арқылы анықтап жатқанын жеткізді. Себебі, бұл аурудан адам өлімі жиі тіркеледі екен. Елімізде соңғы тәуліктің ішінде екі өкпесі қабынған тағы 6 науқас көз жұмып, 571 адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Пневмонияның белгісіз түрі талай жанның денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Осылай деп дабыл қаққан Алматы қаласының бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин дерттен кісі өлімі көп тіркелетінін жеткізді. Сондықтан отандық мамандар осы аурудың пайда болу себебін Корея технологиясы арқылы анықтауға кірісіпті.
"Біз кореялық әріптестеріміздің технологиялық мүмкіндігін пайдаланып жатырмыз. Бір панельде COVID-19, жедел респираторлық вирустың 7 түрін, тұмауды әрі пневмонияны тудыруы мүмкін түрлі бактерияларды орнатуға болады. Өткен аптада біз осындай 38 зерттеу жұмысын жүргіздік. 15 жағдайда пневмонияны бактериялар тудыратынын анықталды. Қалған жағдай адамның өзін-өзі емдеумен байланысты болды", - дейді Алматы қаласының бас санитар-дәрігері Жандарбек Бекшин.
Расымен де елімізде екі өкпесі қабынған қарашаның саны күн сайын көбейіп, науқас саны 26 мыңнан асып жығылды. Соңғы тәуліктің өзінде коронавирус пневмониясына 571 адам душар болса, аурумен арпалысқан 6 адам көз жұмған. Дерт құрбандары 301-ге жетіп отыр. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Батыс, Шығыс және Қарағанды облысында ауру өршіп тұр.
"Тәулік ішінде пневмониямен ауырған 15 науқас тіркелді. Оның алтауы Семей қаласынан, төртеуі Аягөз ауданы және біреуі Алтай ауданының тұрғыны. Байланыста болған тұлғаларды анықтау үшін эпидемияға қарсы шаралар жалғасуда", - деді ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Тауанова.
Дәрігерлер елімізде қауіпті кеселдің таралу қарқыны бәсеңдегенін алға тартады. Алайда дәрігерлер ахуал тұрақты болғанымен, бір сәтке де босаңсуға болмайтынын айтады. Себебі, індеттың ілмегіне іліккендер кез келген уақытта күрт көбейіп кетуі мүмкін. Ал коронавирустың 88 адамға жабысқан. Оның 33-і ауру белгілері жоқ науқастар. Осылайша коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 106 мыңнан асса, құлан таза айыққан жандар 100 мыңға жуықтады.