Алматыдағы «Абай» метро бекетінде мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Адамзаттың алыбы – ақын Абайдың 175 жылдығы аясында аталып өткен шарада ақынның шығармалары орындалып, әндері шырқалды, - деп хабарлайды Sn.kz.
Хәкімнің қанатты сөздерін бойына сіңіріп өскен жастардың болашағы жарқын боларына сенім мол дейді ұйымдастырушылар.
«Бүгінгі іс-шараның мақсаты – Абай шығармалары арқылы жастарымызға қала тұрғындарына ұлттық өнерімізді, құндылықтарымызды дәріптеу. Осы дүние жүзін жаулаған індеттің кезінде қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау», – деді Медеу аудандық Жастар ресурстық орталығының төрағасы Самат Төрехан.
Ақынның құлақтан кіріп, бойды алған әндері Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестірі өнерпаздарының сүйемелдеуімен орындалды.
«Мені бір таңқалдырғаны – қазіргі жастардың әр қайсысының құлағында Абайдың әні бар. Өйткені Абайдың әні шар тарапқа созылып кеткен. Абай ол бір ауыз сөзбен айтқанда сөнбес жұлдыз», – деді Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестірінің әртісі Әсет Жұмабаев.