$ 494.87  520.65  4.91

Абайдың әрбір сөзі өнеге (ВИДЕО)

Орталықтың өнерлі жастары хакім Абайдың әндерін түрлі аспаптарда орындап, желідегі тыңдармандарын тәнті етуде.

Жастарды жақсылыққа шақырып, пайдалы шаралардың ұйытқысы болып келе жатқан Qosyl Qyzylorda жастар орталығы жастарға ұлы Абайдың туындыларын насихаттап келеді. Бүгінде орталықтың әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы бас ақынның өмір жолы, шығармалары жайлы деректер ұсыну тұрақты түрде жүргізілуде. Мәселен, Qosyl Qyzylorda жастар орталығының facebook парақшасында жарияланған хакім Абай туралы қызықты деректерді әрбір қазақ баласының біліп жүруі міндетті деуге болады.

«Абайдың ең алғашқы поэтикалық туындысы «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» деп аталады. Бұл өлеңді ақын небары 10 жасында жазған. Абай Құнанбайұлы жалпы 170 өлең жазған, 56 өлеңді аударған. Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған үлкен мұражай Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында орналасқан. Абай қара сөздерін 9 жылға жуық уақыт жазды. 1890 жылы бас ақын алғашқы екі қара сөзін, ал 1898 жылы 42-45 қара сөздерін жазған. Қазақтың ұлы ағартушысының құрметіне еліміздің ғана емес, Үндістан, Украина, Германия, Египет, Өзбекстан сынды көптеген мемлекеттерде көше атауы берілген», - деп жазылған орталық парақшасында.

Орталықтың өнерлі жастары хакім Абайдың әндерін түрлі аспаптарда орындап, желідегі тыңдармандарын тәнті етуде. Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Қызылорда қаласына қарасты Абай ауылындағы Абай көшесінің бойына сенбілік жұмыстарын жүргізуге қала жастары мен еріктілерінің белсене қатысуына атсалысты.

«Абай атамыз 18-қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық» деген. Шынында да, білім арқылы адамзат алға жылжиды, қоғамға пайдасын тигізеді. Дана Абайдың әрбір сөзінде ұғына білген жанға үлкен мән жатыр», - деді жас маман Талғат Меңдібай.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары