10.09.2020, 14:20

Бағдат Мусин шатырда сабақ оқып отырған оқушыларға қатысты пікір білдірді (ВИДЕО)

Министрдің айтуынша, Ескене ауылының оқушыларына қашықтан оқуға және дәстүрлі форматта оқуға таңдау берілген.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ОСК-да өткен брифингте әлеуметтік желілерде тараған фотосуреттегі екі баланың интернет сапасына байланысты үйдің шатырына шығып сабақ оқуына қатысты пікір білдірді.

«Желіде әлдебір елді мекенде интернет жоқ болғандықтан сабақ оқи алмай, үйдің төбесіне шығып оқып жатыр деген ақпарат тарады. Республика бойынша тұтастай интернет мәселесін шеше алмайтынымызды түсінеміз. Бірақ дәл осы жағдайға келсек, оқиға Ескене ауылында (Атырау облысы) болған. Ол жерде адам аз қоныстанған», - деді министр.

Министрдің айтуынша, Ескене ауылының оқушыларына қашықтан оқуға және дәстүрлі форматта оқуға таңдау берілген. Яғни, олар жақын маңдағы интернатта оқи алады. Алайда, бірнеше оқушы қашықтан білім алуды таңдаған. Ол ауылда бар-жоғы 20 үй тұрады. Дегенмен, бұл ауыл теміржол стансасына жақын орналасқан. Министр ауылға сол жақтан (теміржол стансасы) интернет тартып беретінін айтты.

Министрдің дерегі бойынша, республика бойынша 6 459 ауылды аймақ бар. Оның ішінде, 4 646-сы әртүрлі технологияларды қолдана отырып, интернетке қолжетімділік қамтамыз етілген. Бірақ олардың сапасы да әртүрлі. Қазақстандықтар сапасына қарай интернеттің 4 түрін пайдаланады.