10 қыркүйекте Қазақстанда белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 353 адамның шалдыққаны анықталған. Бейсенбі күні пневмонияның осы түрінен 1 адам қайтыс болған. 37 адам жазылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп жазады Азаттық.
Министрлік 1 тамыздан бері пневмонияның осы түріне шалдыққандарға бөлек код беріп, жалпы пневмониядан бөлек есептеп келеді. 1 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында 28 928 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 318 адам қайтыс болған. 6 642 адам жазылған.
Елде коронавирус пневмониясына шалдыққандар саны құбылып тұр. Бір күнде кей кезде ондаған науқас анықталып жатса, кейде олардың саны 400-500-ден асып кетеді. 10 қыркүйек күнгі брифинг кезінде "бұл құбылыстың" себебін түсіндірген денсаулық сақтау министрі Алексей Цой "демалыс күндері поликлиникалар істемегендіктен науқастар жиналып қалады, сүйтіп келесі аптаның статистикасын толықтырады, негізі күн мен күнді емес, аптамен аптаны салыстыру керек" деп мәлімдеген.
Ведомство мәліметінше, 10 қыркүйекте тағы 5 адам Covid-тен қайтыс болған. Наурыз айынан бері барлығы 1656 адам көз жұмған.
Қазір 4 596 адам Covid-тен емделіп жатыр, 34-і - бала. 2 523 адам - стационарда, 2 073 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. 137 адамның жағдайы ауыр, 25 адамның жағдайы өте ауыр. 28 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.
Қазақстанда коронавирус пневмониясына шалдыққандар жоғарыда айтылған көрсеткіштен әлдеқайда көп болуы мүмкін, себебі вирус пневмониясы Қазақстанда маусым және шілде айларында өршіген. Ведомство бұған дейін жалпы пневмония статистикасынан оларды айырып, ажырату мүмкін екенін айтып, нақты қанша адамның вирус пневмониясына шалдыққаны анықталмады деген.