$ 448.56  478.03  4.79

«Сырлы қалам» жастары хакім Абайға жыр арнауда

Әрбір өлеңінде терең мән бар, әр шығармасында адам баласына керекті ақылдың бәрі бар.

Сыр елінің іргелі білім ордасы Қорқыт Атындағы Қызылорда университетінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Сырлы қалам» атты жас ақындар ұйымы ашылды. Онда поэзияны жанындай сүйетін, өлең жазуға қабілеті бар студенттер шоғырланған. Бойдағы дарынын шыңдап, қара өлеңді серік етіп жүрген білім алушылар қазақ халқының бас ақыны хакім Абайға арнау өлеңдерін жазып, жыр арнауда.

«Өлеңмен өрнектейін құрақ ойды,

Ұлы ақын дейді ел ұлы Абайды.

Ұлылықты игерсек даралардан

Елімнің рухы мәңгі құламайды», - деген өлең жолдарын «Сырлы қалам» ұйымының мүшесі Бақтөре Қанибайұлы арнаса, Ақзер Сабырбай есімді жас ақын:

«Өлең өмір сен сүйген жырың, әнің,

Жүрекпенен бар мұңыңды ұғынамын.

«Көзімнің қарасы» деп елітетін,

Сүйемін сендік нұрын шұғыланың», - деп жүрекжарды өлеңін ұсынды.

«Бойымда жиылатын жақсы ән, күйің,

Адамдықты жаныма бақсам деймін.

Мен де бір кірпіші боп дүниенің

Кетігін тапсам деймін, тапсам деймін!» - деп Абай өлеңдерінен қуат алған Роза Шынжырбай есімді өнерлі өрен де жыр шумақтарын жолдады.

«Біздің ана тіліміз – ерекше әдемі, бай тіл. Сондықтан да, поэзиясы өте көркем. Қазақ поэзиясы дегенде ең алдымен Абай Құнанбайұлының есімін еске түсіреміз. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған бас ақынның туындылары түпсіз тұңғиық іспетті. Әрбір өлеңінде терең мән бар, әр шығармасында адам баласына керекті ақылдың бәрі бар. Біз поэзия деген әлемге енді ғана қадам басқан жас талапкер ретінде Абай атамыздың шығармаларын жатқа білуге міндеттіміз. Бүгінгідей дамыған цифрлы қоғамда қазақ поэзиясын насихаттап, Абай мұрасын ұлықтауға тамшыдай болса да үлес қоса білу негізгі мақсатымыз деп есептейміз», - деді жас ақындар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары