Биыл бірінші болып тұмауға қарсы екпе салдырғандардың бірі – Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Бүгін елімізде республикалық вакцинация науқаны басталды, осы орайда ведомство басшысы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "№6 қалалық емханасы" ШЖҚ МКК барып, ресейлік "Гриппол+" вакцинасын салдырды, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Жылда күз келгенде ЖРВИ мен тұмау өршиді. 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ ауырған 431 120 адам тіркелді, оның ішінде 2 жарым мыңнан астам науқас зертханада анықталған тұмауға шалдыққан. Оның 284 033-і немесе 61,4 пайызы 14 жасқа толмаған балалар. Биыл халықты вакцинациялау аса қажет, өйткені коронавирус пандемиясы кезінде тұмау да өршуі мүмкін, сол кезде елдегі жағдайды тұрақтандыру қиын болады. Сондықтан бұл жолы елімізде вакцинацияны жылдағыдан екі апта бұрын бастаймыз. Қазақстан қауіпсіз, тиісті зертханалық сынақтардан және бақылаудан өткен, сапалы вакцина сатып алғанын көрсету үшін өзім бірінші болып екпе салдырдым", - деді А.Цой.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Қазақстанда егу науқаны 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтеді. Бірыңғай дистрибьютор халықтың 10 пайызынан астамын тегін вакцинациялау үшін Ресейде өндірілген "Гриппол+" вакцинасының 2 млн. астам дозасын сатып алды. Вакцина құрамында тұмаудың үш штаммы- А(H3N2), А(H1N1) және В қарсы антиген бар.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "№6 қалалық емханасы" ШЖҚ МКК-ға тұмауға қарсы "Гриппол+" вакцинасының 7200 дозасын бөлген. Емханда 3500 бала, 3700 ересек, оның ішінде 468 жүкті әйелді, диспансерлік есепте тұрған 2 582 адам мен 65 жастан асқан 519 азаматты және 350 медицина қызметкерін вакцинациялау жоспарлануда.
"Гриппол +" вакцинасы тұмауға қарсы ерекше жоғары иммунитет қалыптастырады.
Вакцинация тәуекел тобына кіретін адамдарүшін тегін, атап айтқанда:
· мектеп жасына толмаған және мектеп жасындағы балалар;
· медицина қызметкерлері;
· жүкті әйелдер (жүктіліктің 2-3 триместрі);
· жабық мекемелердегі адамдар (балалар үйі, мектеп-интернаттар;
· созылмалы ауруы бар ересектер мен балалар;
· 60 жастан асқан қарттар.
Елімізде бүгінде тұмауға қарсы вакцинациядан бас тартқандар тіркелген жоқ.