$ 447.4  477.55  4.76

«Жылыойдағы бассыздық»: із-түзсіз жоғалып кеткен фермердің жақындары шу шығарды (ВИДЕО)

Жиналғандар Нұртілеуовтің тірі еместігін, өйткені оны мал ұрлаушылар жазым еткенін, тіпті, олардың пікірінше, мұны жасаған адамның есімін де айтты.

12 қыркүйекте Құлсары қаласында 50 шақты адам Жылыой аудандық әкімшілігінің алдына жиналып, із-түссіз жоғалып кеткен фермер Нұралы Нұртілеуовтың жоғалуына қатысты құзырлы орындар жеткілікті жұмыс жасамай отырғандығына наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы АқЖайық басылымына сілтеме жасап.

Естеріңізге салсақ, ол 6 қыркүйекте мотоциклімен жылқыларын іздеп қырға шығып кетіп, қайта оралмаған.

Жиналғандардың дені Нұралының туыстары екен. Олардың қолдарында оның үлкейтілген фотосуреті және «Әділдік орнасын», «Құзырлы органдар жұмыс істесін», «Жылыойдағы бассыздық Елбасына жолдансын», «Қылмыскер табылсын» деп жазылған плакаттар болды. Жиналғандар Нұртілеуовтің тірі еместігін, өйткені оны мал ұрлаушылар жазым еткенін, тіпті, олардың пікірінше, мұны жасаған адамның есімін де айтты.

"Осы күнге дейін тірі болса өзі келер еді, ақыры ол кісі қолынан жазым болды. Біз бір адамнан күдіктенеміз, ол атақты ұры. Ол қанша ұрлық жасаса да сытылып кете береді, әбден дандайсып кеткен", - дейді туысқан әйелдің бірі шырылдай жылап.   

"Ең болмаса, баламның денесін тауып берсін. Бізге полиция күдіктімен жолықтырамыз деген, бірақ көрсетпей отыр. Егер ұсталса, ол қайда?" – дейді жоғалған фермердің 80 жастағы анасы.

"Мен Нұралының інісімін. Полиция егер Нұралының сүйегі табылмаса, қылмыстық іс те қозғалмайды дейді. Күдікті (аты-жөнін атады – Л.К.)  бұрын мал ұрлайтын, енді адам ұрлауға көшті", - дейді Қойбағар Нұртілеуов.

Көпшілікті Жылыой ауданы әкімі Халел Жамалов сабырға шақырумен болды.

Кейінірек аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерболат Досмағұлов жедел топ құрылып, ҚР ҚК 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс көтерілгенін мәлімдеді.

Жоғалған фермерді іздестіруге тікұшақты жұмылдырса да, әзірге нәтиже жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары