$ 449.58  486.94  4.86

Абай әлемі – ұлт темірқазығы

Бұл байқаудың негізгі мақсаты – жастар арасында дұрыс сөйлеу мәдениетін қалыптастыра отырып, шешендік өнерге баулу екендігін жеткізді ұйымдастырушылар.
Фото: ашық дерек көзі
Фото: ашық дерек көзі

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай  Қызылордада «Абай әлемі – ұлт темірқазығы» атты дәстүрлі облыстық ділмар шешендер байқауы өтті.

Ұлт мақтанышы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні және Қазақстан халқының тілдері мерекесі қарсаңында өткен байқауды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары ұйымдастырды.  

Бұл байқаудың негізгі мақсаты – жастар арасында дұрыс сөйлеу мәдениетін қалыптастыра отырып, шешендік өнерге баулу екендігін жеткізді ұйымдастырушылар. 

Темірбек Жүргенов қорының төрағасы С.Аңсатов, А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі, белгілі ақын М.Байдәулетов және облыстық тілдерді оқыту орталығының оқу-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Л.Ортаева сынды тіл жанашырлары байқауға қатысқан өрендердің өнерлеріне баға беріп, қазылық жасады. 

Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай өткізілген байқаудың нәтижесі бойынша №101 мектептің 11 сынып оқушысы Ақжүніс Бегайдарова «Маржан сөз, қоңыр үн» номинациясын иеленді. Ал, Жалағаш ауданынан келген Омар Сматқа «Талаптың мініп тұлпарын» номинациясы берілді. Жаңақорғандық Қарақат Сәдібек ІІІ орын, №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы Әділжан Тұңғышбаев ІІ орын иегері атанса, №11 мектептің оқушысы Шаттық Амангелді І орынды жеңіп алды.

Байқаудың Бас жүлдесіне Байқоңыр қаласынан қатысқан Аружан Ермаханова есімді өнерлі өрен лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен байқауға қатысушыларға дипломдар және қаржылай сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар, облыстық тіл орталығы тарапынан естелік ретінде кітаптар сыйға тарту етілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары