$ 447.4  477.55  4.76

Үйде бала оқытқан ата-анаға ақша төлене ме?

Күні бойы  интернетте итшілеп отырып, сабақ орындатып, кешкісін дүкеннің еденін жуып келемін.
фото: bilim-all.kz
фото: bilim-all.kz

Пандемияға байланысты оқушыларымыз қашықтан сабақ оқып жатқаны мәлім. Сабақты интернетте оқудың машақатын өткен көктемде бағамдадық. Әсіресе, бастауыш сыныпта баласы оқитын ата-ана үшін бұл қашықтан оқыту мәселесі расымен бас ауруға айналды. Ал бәрінен бұрын  бала оқытамыз ба, әлде баланың тамағын табу үшін жұмыс істейміз бе деген сұрақ әркімді де мазалайтыны заңды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы adyrna.kz сайтына сілтеме жасап. 

Осы сұраққа байланысты премьер министрдің орынбасары  Ералы ТОҒЖАНОВ таяуда ғана «айды аспанға бір-ақ шығаратын» жауаптың түрін беріпті. Журналистің сұрағына жауап берген Тоғжанов үкімет тарапынан жұмыссыз қалғандарға  барлық қолдау түрі көрсетілгенін айтады. Сұрақ пен жауаптың қалай өрбігенін ҚазТАГ-қа сілтеме жасаған  Pravo.kz  былай деп жазады.

«Қазір көп ата-ана үйдегі баласының сабағын қадағалау үшін бар жұмысынан ақысыз демалыс алуға немесе жұмыстан мүлде кетуге мәжбүр болуда. Сонымен қатар бір ғана адамның жалақысына қарап, күнін әрең көріп отырған отбасылар да жеткілікті. Балам білімсіз қалмасын деп соның сабағы үшін жұмыссыз қалған сондай  ата-аналар үшін біздің «әлеуметтік үкімет» пен «әлеуметтік мемлекет» тарапынан қандай да бір қолдау көрсетіле ме?» - деген журналистің сұрағына Тоғжановтың берген жауабы мынау: «Қашықтан оқытуға байланысты амалсыз үйінде отырған ата-аналар үшін қолдаудың барлық түрі жасалды. Өздеріңіз білетін  42 500 теңге сондай жұмыссыз қалғандар үшін берілді».

Қош, сонымен шенеунік өз жауабын беріпті. Ал шындығында жағдай қалай? 42 500 теңгенің жырын қазір бастасақ, айтып тауысуға бірнеше карантин уақыты кетері анық. Карантин салдарынан жұмыссыз қалғандар үшін деп белгіленген бұл ақша «ұстағанның - қолында, тістегеннің - аузында кеткені» - тағы бөлек әңгіме. Ал ең қызығы, Тоғжановтың  42 500  теңгені жұмыссыз қалғандарға күнкөріс үшін бердік  деуі - онсыз да жоқ-жітіктен жүйкесі тозған халықтың ызасына тию ме, әлде расымен сол ақша бір отбасыны асырайды деп сенгені ме?

Мәселен, биыл бірінші сыныпқа баратын баласы үшін амалсыз жұмысынан кеткен Әйгерім НҰРЖАН оқу жылы басталмай жатып, отбасында тамақ мәселесі алдыңғы орынға шыққанын жасырмайды. «Бұрын жолдасым екеуміз тапқан ақша төрт баланы асырауға әрең жететін. Ал қазір мен жұмыстан кеткелі жағдайымыз күн санап қиындап барады. Жолдасымның тапқанына не тамақ аларымызды, не пәтер ақысын төлейтінімізді білмей далмыз. Мен жұмысқа шығайын десем, баланың сабағын қадағалайтын үйде бір адам керек. Күні бойы  интернетте итшілеп отырып, сабақ орындатып, кешкісін дүкеннің еденін жуып келемін. Қайтемін енді? Мына түрімізбен қашанға дейін шыдар екенбіз, білмеймін», -деген Әйгерім ертеңгі күні қалай болар екен деп уайымдайды.

Ал шенеунік Тоғжановтың айтқанын естіген жұмыссыз сандалған Әділжан ЕРКІНБЕК: «42 500 теңгені қолдау үшін бердік дегенше, мазақ етіп бердік десе, дұрыс болар еді. Ол ақшаға Ақордадағы сол шенеуніктер түскі асын да  сатып ала алмас, сірә. Осы пандемия кезінде қандай билігі бар елде тұрып жатқанымызға көзіміз анық жетті ғой. Бұл елде арам қату түк қиын емес екен. Бар жұмысынан мәжбүрлі түрде айырылған азаматтарын 42 500 теңгемен мазақ етті. Қашықтан оқытып қарық қыламыз деп, баламызға порноны да көрсетті. «Ауырасың» деп, ауыртты, «өлесің» деп өлтірді. Енді міне, жеті айда үш рет қана берген 42 500 теңгені «қолдау» деп еш қысылмай айтып отыр. Жеті ай бойы үш рет берген 42 500  теңгенің жалпы көлемі 148 750 теңге екен. Әлгі жартылай берілген 21 250 теңгені қосқанда. Жеті айда 148 750 теңгеге өмір сүру дегеніңіз қаңғыбас иттің өмірінен де бетер деген сөз емес пе?! Баланың сабағы үшін деп үйінде лажсыз отырғандарға көк тиын бермегенімен қоймай, «қолдадық» деп қалай өтірік сөйлеуге болады?» -деп күйінеді.

Үкімет тарапынан карантинде жұмыссыз, табыссыз қалғандарға 42 500 теңгеден жәрдем ақша бөлінгені рас. Алайда Тоғжанов айтқандай, жаңа оқу жылында баласының сабағы үшін амалсыз үйде қалғандар үшін көк тиын да берілген жоқ қой? Солай ма?

Егер жағдай осылай жалғасы берсе, халықтың әлеуметтік тұрмысы қалай болмақ? Ашыққан, ызасы ернеуіне жеткен адамды ештеңе тоқтатпайтынын ескерсек, Ақордадағы шенеуніктер алдағы уақытта халқының наразылығын өршітпеудің жолдарын қарастырар деп үміттенеміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары