Кей ата-аналар қашықтан оқыту үшін балаларына тегін берілген техниканы сата бастады. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы "31" арна жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыда сыйға тартқан ноутбукті сату туралы 4 хабарлама жарияланыпты. Алайда кейінірек бұл жарнамалар өшірілген. "31" арнаның тілшісі жарнама суретін көшіріп алғанын айтып, фотодағы техникалардың бірі "Салиқалы ұрпақ" қорының өкілдері өздері тарту еткен сыйлық екенін анықтады. Қайырымдылық қоры мұқтаж отбасыларға мың ноутбук берген. Оларға отбасылардың тізімін Алматы және Алматы облысының білім басқармасы ұсынған. Сатылымдағы ноутбуктердің бағасы әртүрлі, 80 мыңнан - 250 мыңға дейін. Арнайы оқушы үшін берілген тауардың саудасына байланысты сол отбасыларға директор мен әлеуметтік педагог барып қайтқан.
Тегін берілген техниканы сатуға қойған ата ананың бірі алты баланың анасы екен. Журналиске берген сұхбатында қарыздарынан құтылу үшін ноутбукты сатпақ болғанын айтады.
"Қарыздарымыз бар, күйеуімнің жұмысында да қиндықтар болды, тұрып жатқан үйімізге бөліп төлейміз, одан да қарызымыз бар. Планшет мен телефон бар, ноутбук керек емес деген ой келді. Оны сатып, қажетімізге жаратамыз деп ойладым", - деді көпбалалы ана.
Естеріңізге салып өтейік, көпбалалы және аз қамтылған отбасы статусына жатпайтын оқушыларға сабақ оқу техникасы уақытша пайдалануға беріледі. Бүгінге дейін Алматыдағы 53 мың оқушы осындай уақытша берілген техниканы пайдаланып отыр.