$ 494.87  520.65  4.91

Абай әндері 60-тан астам нұсқада орындалып жүр

Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің сөзі орыс жазушысы М.Лермонтовтың «Горные вершины» әніне шығарылған.

Қызылордада Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында «Құлақтан кіріп, бойды алар» атты әдеби-сазды кеш өтті. Бас ақынның мерейтойына арнайы ұйымдастырылған кеште бүгінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған хакім Абайдың музыкасы сөз болды. Әдеби-сазды кешке дәстүрлі әнші, жыршы, термеші, «Жыр атасы – Қабан жырау» атты республикалық жыр байқауының ІІ орын иегері Марат Сүгірбай қонақ болды.

«Абай өлеңдері мен қара сөздерінің, музыкалық мұрасының философиялық мән-мазмұны отандық ғалымдарды ғана емес, шетелдегі көзі қарақты ағайынның үлкен қызығушылығын оятып жатқан терең құбылыс деуге болады. Абайдың 28 әні 60-тан астам нұсқада орындалып жүр. Оған қоса Абай шығарған 2 күй бар. Қазақ авторлық әндерінің ішінде алғаш нотаға түскендердің бірі де Абай әндері болатын. Абай музыкасы лирикалық әрі философиялық мазмұнға ие. Абай танымы, Абай болжамы оқырманы мен тыңдаушысын әркез таң қалдырып отырады. Абайды Абай етіп, даналығын дара етіп тұратын қасиеттің бірі – Абайдың өзіндік көзқарасы, философиясы. Абай әндерінен де ұлы ақынның айтқысы келген, көксеген ойлары, ішкі сезімі айқын байқалып тұрады. Сол заманда Ресей империясынан жер аударылып келген орыстың бір топ зиялыларымен, соның ішінде Михаэлиспен етене қарым-қатынаста болуы, Семейдегі кітапханада кездесуі Абайдың жаңашылдыққа ұмтылған, ұлттық деңгейде көтеріліп шыққан тұлға екенін көрсетеді. Мысалы, Абайдың «Сегізаяқ» өлеңінен қазақ оянса екен, жаңа білімді меңгерсе екен, көзі ашық болса екен деген үлкен бір насихат пен күйінішін көруге болады» , - дей келе, жыршы тыңдармандарға «Сегізаяқ» әнін қобыз аспабымен орындап берді.

Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің сөзі орыс жазушысы М.Лермонтовтың «Горные вершины» әніне шығарылған. Ән аударма болғанымен де ұлттық нақышқа толы. Әуенде орыс романсының элементтері бар, дегенмен де мәтін мен әнінің ажырамастай тұтастығынан бұл әннің ерекшелігін көруге болады. Табиғаттан шабыт алған ұлы Абай өлең ғана жазып қоймай, әуенді ән ретінде де шығара білген. Осындай табиғаттың әдемі көрінісінен екі ақынның шығармашылығында дүниеге келген «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін Марат Сүгірбай кеш барысында көпшілікке тарту етті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары