Жаңалықтар 17.09.2020 сағат 16:20

Сенат сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Сенат депутаты Андрей Лукин, өз кезегінде, жұмыс тобы тиісті талдау жасап, мүдделі мемлекеттік органдармен кездесулер өткізіп, нәтижесінде заң жобасына жаңа түзетулер енгізілгенін айтты.
Сенат сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Жолдауда қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған маңызды мәселе деп атап өткенін еске салды.

«Жолдауда ұлттық саябақтар мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық жағынан қорғау қажеттілігіне баса мән берілді. Осы ретте бүгін қабылданған заң қоршаған ортаны қорғау аясындағы бірқатар маңызды мәселені оң шешуге мүмкіндік береді. Оның ішінде Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жеріне қатысты мәселелер бар. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының нақты тапсырма бергені белгілі. Бүгін көпшілікті алаңдатқан осы мәселе де заң аясында шешімін тауып отыр», – деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев бұл заң жобасы өткен сессиядағы Палата отырысында бірінші оқылымда қаралып, жан-жақты талқыланғанын жеткізді.

«Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі басымдықтардың бірі екені белгілі. Президентіміздің Жолдауында да нақты тапсырмалар берілді. Сондықтан қазіргі таңда тиісті заң жобасына жүйелі түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша қосымша шаралар енгізіліп жатыр», – деді Мәулен Әшімбаев.

Заң мемлекеттік қызметшілердің отбасы мүшелеріне кез келген сипаттағы және құнды сыйлықтарды беру мүмкіндігін болдырмауды көздейді.

Сенат депутаты Андрей Лукин, өз кезегінде, жұмыс тобы тиісті талдау жасап, мүдделі мемлекеттік органдармен кездесулер өткізіп, нәтижесінде заң жобасына жаңа түзетулер енгізілгенін айтты. Екінші оқылымнан кейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Сонымен қатар, Сенаттың жалпы отырысында депутаттар еліміздің Премьер-министрі Асқар Маминнің атына сауалдар жолдады. Сенатор Дәурен Әділбековтің сауалы шағын және орта бизнесті қолдау шараларына арналды. Мұхтар Құл-Мұхаммед қашықтан білім беру мәселелерін көтерді. Ерік Сұлтанов сумен қамтамасыз ету жағдайына назар аударды. Нұртөре Жүсіп кітапханалар мен мәдени орталықтар жөнінде ұлттық бағдарлама қабылдау керек екенін айтты. Ақылбек Күрішбаевты азық-түлік бағасы толғандырады. Ал Ләззат Сүлеймен демография мәселелері бойынша Стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасына жүгінді.
 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар