$ 494.87  520.65  4.91

«Tengri Bank» салымшылары ақшасын қашан және қалай қайтарып ала алады?

ҚДКБҚ салымшыларға кепілдік берілген өтемді төлеу шарасын жүзеге асырады.
Фото: Newtimes.kz
Фото: Newtimes.kz

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Tengri Bank-ті банктік және өзге де операцияларды жүргізу жөніндегі лицензиясынан айырды. Ал банк салымшылары ондағы ақшаларын қалай алады?

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының хабарлауынша, «Tengri Bank» АҚ жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылады, яғни жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің салымдарында, ағымдағы шоттары мен төлем карточкаларында орналастырылған ақшаларына «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКБҚ) кепілдігі қолданылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұл дегеніміз, Агенттік банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке бір мезетте өткізу операциясын жүргізуден бас тартқан жағдайда, ҚДКБҚ салымшыларға кепілдік берілген өтемді төлеу шарасын жүзеге асырады. ҚДКБҚ өтем төлеуді бастау күнін заңнамада бекітілген мерзімде хабарлайды. Яғни, төлемдерді жүзеге асыру шарасы ресми хабарлама Қор сайтында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап, 5 жұмыс күні ішінде басталады», - делінген хабарламада.

Еске саламыз, ҚДКБҚ кепілдік берілген өтемді депозиттегі қалдық сома шегінде, банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып төлейді:

теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден; теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден; шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды (банк лицензиясынан айырылған күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).

Жеке тұлға немесе жеке кәсіпкердің банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, ҚДКБҚ олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте шетел валютасындағы депозиттің 5 млн теңгеден аспайтын кепілдендірілген қалдығы бойынша шектеу ескеріледі. Сақталуына кепілдік берілген шекті сомадан асатын қалдығы бар депозиттер бойынша ҚДКБҚ жоғарыда атап көрсетілгеніндей тек бекітілген соманы ғана өтеді. Ал өтелмей қалған артық ақша бойынша салымшылар банкті еріксіз тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген соң барып, банкті тарату комиссиясына өтініш бере алады.

Төлемді алу үшін салымшыда жеке басын куәландыратын құжаты болса жеткілікті. Толыққанды нұсқаулық ҚДКБҚ сайтында орналастырылған. Депозиттер бойынша кепілдіктер және кепілдік берілген өтемді төлеу туралы жалпы ақпараттар ҚДКБҚ www.kdif.kz сайтында қол жетімді.

Қаражатты қайтару қашан басталады?

Tengri Bank-тің клиенттеріне өтемақы төлеу басқа банктерде ашылған банктік шоттарға есептеу жолымен немесе агент-банк арқылы қолма-қол ақшаны алу жолымен 2020 жылғы қазанның бірінші жартысында басталады деген жоспар бар.

Барлық мәселе бойынша Tengri Bank-тің уақытша әкімшілігіне мына телефон бойынша жүгінуге болады: +7 (727) 244-34-34; 3434

Айта кетейік, "Tengri Bank" АҚ банк операциялары мен бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берілген лицензиядан айырылған болатын. Агенттік нақты себептерін де атап өтті. Олар:

Ұлттық банктің 2017 жылғы 13 қыркүйектегі №170 қаулысымен белгіленген пруденциялық нормативтері мен Қазақстан Республикасының заңнамасын жүйелі түрде (күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзу;

Агенттік қолданған қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде (күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамау;

Банктің меншікті капиталын ұлғайту мақсатында қосымша капиталдандыру жөнінде шаралар қабылдау туралы агенттік талаптарын банк холдингінің орындамауы сияқты заңбұзушылықтар анықталған.
 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары