18.09.2020, 15:20

Қазақ хандары: Салқам Жәңгір жайлы не білеміз?

Бүгінде тарихшылар Қазақ хандығының негізі Алтын Ордадан басталады деген пікірді растап отыр.

Бүгінде тарихшылар Қазақ хандығының негізі Алтын Ордадан басталады деген пікірді растап отыр. Географиялық, этникалық және басқа жағынан алып қарағанда оған дәлел-дәйектер жеткілікті. Елдігіміздің бастауы болған ұлық ұлысты ұлықтауды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ізгі бастама етіп көтерген болатын. Биыл ел ішінде Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына байланысты түрлі шаралар өтуде. Мәселен, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы кент кітапханасы оқырмандары үшін қазақ жерінде ел билеген хандар туралы мәлімет беруді қолға алыпты. Осы орайда кітапхана мамандары «Қазақ ханы – Салқам Жәңгір хан» деп аталатын мазмұнды ақпаратын онлайн форматта ұсынды. Тарихи мәліметтерге толы бейнематериал Алтын Орданың 750 жылдығына орай дайындалды.

«Жәңгір хан 1645-1652 жылдар аралығында билік құрған. Халық ханды ерлігіне қарай «Салқам Жәңгір» деп атаған. Бүкіл өмірін ел қорғау ісіне арнаған хан 1643 жылы сұлтан болған кезінде-ақ Батыр хонтайшының 50 мың әскерін 600 сарбазбен шегіндірді. Мемлекеттің сыртқы саясатында көршілес мұсылман елдерімен жақсы қарым-қатынас орната білді. Жоңғарлармен күресте Мәуеренахрдағы аштарханилық әулет өкілдерімен, Шығыс Түркістандағы Шағатай әулетімен саяси одақ құрып, туыстық байланысты нығайта түсті. Жәңгір хан 1652 жылы қазақ-жоңғар шайқасында қаза тапты. Қан майданда өлім құшқан хан сол кездегі қазақ елінің астанасы болған Түркістан жеріндегі Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің жанына жерленді», - делінген әлеуметтік желі арқылы берілген материалда.

«Ұлан-ғайыр даланы қасық қаны қалғанша қорғап, елдің бірлігін бекемдеген тұлғалардың есімін ұлықтау әрбір қазақ баласының борышы», - дейді кітапхана қызметкерлері. Қилы замандарда оң шешім қабылдап, ел басқарған хандар жайлы бейнематериалдар алдағы уақытта кезең-кезеңімен жарияланып отырады.