Хакім Абайдың 175 жылдығы аясында Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен «Абай суретші көзімен» атты онлайн шеберлік сағаты өтті.
Шеберлік сағатын Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің суретшісі Бекзат Жанабилов жүргізді.
Абай бейнесінің салыну барысы бейнематериалда рет-ретімен көрсетіледі. Суретші ең алдымен көгілдір аспанды бейнелеп, аспан түстерін қалай үйлестіру керектігі жайлы бөлісті. Одан әрі кемпірқосақ суретін салып, түстерді үйлесімді етудің тиімді әдістерін жеткізді.
Тау етегіндегі тұман мен тау шыңының көрінісі де картинаға ерекше әр беріп тұр. Қырдағы көк пен жайылым суреті Абайдың табиғат лирикасын еске салатындай. Ал, осындай сұлу табиғат аясындағы дана Абайдың бейнесі қазақтың дархан даласын өлеңмен тербетіп тұрғандай елестетеді. Абай суретін салу барысында майлы бояулар қолданылды.
Аталған шеберлік сағаты «Сыр шаңырағы» YouYube арнасы арқылы және Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама асқармасы мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында көрсетілді.